Аягөз ауданының тұрғыны сөзге келмеген 3 ер адамға оқ атқан

1433
көрілім

Аягөз ауданы, Ақтоғай кентінде 4 ер адам ащы су қойылған дасқарқан басына жайғасады. Әңгіме барысында екі еркектің арасында дау шыққан. Сол кезде кеудесін ашу кернеген 39 жастағы азамат қалтасынан пышақ алып, қарсыласына қарай ұмтыла кетеді. Бөлмедегі еркектердің бірі лезде әрекет етіп, оның қолындағы пышақты тартып алған. Қаруынан айырылған азамат оқиға орнынан кетіп қалады да, үйіндегі мылтықты алып қайта шығады… Оқиғаның толықтай мән-жайы ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Түнгі сағат 01.30-дар шамасында Аягөз ауданы, Ақтоғай кентінде орналасқан Күзембаев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде бас қосқан азаматтар ішімдік ішіп отырады. Тентек су әл берген Асылхан (адам аттары толықтай өзгертілген) Еділге «Намысқа тиетін сөздер айттың» деп жанжал шығарған. Туындаған кикілжің құр сөзбен шешілмеген соң Асылхан спорттық күрткесінің оң жақ қалтасынан жинамалы пышағын алып шығады, бірақ осы уақытта үй иесі оның қолындағы пышақты жұлып алған. Ашуға булыққан Асылхан үйден шығып кетеді.

Текетірестің соңын бұлай қалдырғысы келмеген азамат үйіне қарай жол тартып, жатын бөлмедегі төсектің астында заңсыз сақтап жүрген 20-калибрлі «ИЖ-К» бір ұңғылы шүріппелі аңшы мылтығын қолына алады. Мылтықты бір оқпен оқтаған ол өзімен бірге тағы да 2 оқ ала шығып, қайтадан Күзембаев көшесіндегі тұрғын үйге бет алады.

Діттеген жерге 30 метрдей қалған кезде Асылхан үйдің кіре беріс есігінің алдында сөйлесіп отырған Еділ мен тағы екі ер адамды көрген. Өзегін өшпенділік өртеген Асылған мылтығын алып, Еділге қарай бағыттайды да, атып жібереді. Сот медициналық сараптама нәтижесінде анықталғандай, жәбірленушілердің екеуіне ауыр дене жарақаты, біреуіне жеңіл дене жарақаты келтірілген. Сол кезде оқиға орнына арақ алып келуге кетіп, қайта оралған екі еркек автокөліктен түскенде қолына мылтық ұстап тұрған Асылханды байқайды. Бейтаныс біреулердің өзіне қарай жақындап келе жатқандығын көрген Асылхан атыс қаруын жерге тастай салып, кетіп қалған.

Осыған байланысты сот ісі Шығыс Қазақстан облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот мәжілісінде Қазақстан темір жолы «Ұлттық компаниясы» АҚ Ақтоғай сигнализациясы және байланыс станциясы» филиалында өрт сөндіруші болып жұмыс істейтін айыпталушы сөзбен тиісіп, жігіттік ар намысына тиген Еділді мылтықпен қорқытпақшы болғандығын, ал адам өлтіру ойының мүлде болмағанын жеткізді. Алайда оның қасақана адам өлтіргендігі сот материалдарымен толықтай дәлелденген. Сот шешімі бойынша сотталушы ҚР ҚК-нің 24-бабы, 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігінің 6-тармағымен кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.