Аягөз ауданы «Құсмұрын» кен байыту орнындағы жатақханалардың сыртында кездескен екі еркектің арасында кикілжің туындаған. Сөзге келмеген олар жаға-жыртысқа түседі. Сол кезде қарсыласын ұрып жерге құлатқан аягөздік оны тепкінің астына алған. Осының салдарынан аурухана төсегіне танылған жәбірленуші бірнеше күннен кейін қаза болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Әділжан (есімдері толықтай өзгертілген) шылым шегу үшін түн жарымында жатақханадан далаға шығады. Кенет оның қасына бейтаныс біреу таяп келіп әңгімеге тартқан.
– Өзін Самат деп таныстырған сол жігіт маған іздене жөнелді. «Жатақхананың артында сөйлесейік» деді. Бірге бардым. Алайда ол бассыздығын доғарғанның орнына одан сайын шүйлікті. Сөз арасында «сен сияқтыларды өлтіргенім үшін түрмеде отырдым» деп қорқытты. Самат қалтасына қолын сала бергенде пышақ алып шығады деген үреймен оған соққы жасадым, – дейді Әділжан.
Қарсыласын ұрып құлатқан 27 жастағы жігіт, оның бас тұсынан бірнеше рет теуіп жібереді. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген. Ауруханада жағдайы ауырлап кеткен ер адам 5 күннен кейін Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық орталық ауруханасына жеткізіледі. Алайда дәрігерлер оның өмірін ажалдан арашалап қала алмады.
Аягөз аудандық сотында қаралған сот ісінде айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Ал жәбірленуші тарап ретінде сот процесіне қатысқан марқұмның туған бауыры Әділжанды кешірмейтіндігін жеткізді.
– Өзім Аягөзден алыс жерде тұрамын. Сондықтан келесі сот отырысын менің қатысуымсыз өткізгендеріңізді қалаймын. Сотталушыдан 3 млн теңге мөлшерінде моральдық залал өндіруіңізді сұраймын, – деп жауап берді ол.
Сот үкімі бойынша Әділжан Түсіпов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар одан азаматтық талапкердің пайдасына 1 500 000 теңге моральдық зиян өндіру жайлы шешім қабылданды. Айыпталушы өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады. Үкім толықтай заңды күшіне енген.
Асқар ТҰМАРБЕК