Аягөз гарнизонының танк құрамасында сарбаздарға Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен шығармашылығына арналған «Батыр – Бауыржан» атты әдеби ертеңгілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты - сарбаздарды патриотизмнің, жоғары кәсібиліктің және әскери борышқа адалдықтың үлгісі ретінде қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының өмірімен таныстыру. Әскери қызметшілерге батырдың шығармашылығы, оның Ұлы Отан соғысындағы ерліктері туралы жан-жақты айтылды.
- Біздің тарихымызда өз жерін жаулардан қорғаған ержүрек жауынгерлер көп болды. Аты аңызға айналған қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлын бүгінгі Отан қорғаушылар білуі тиіс, - деді әскери бөлімнің кітапханашысы Айман Даханова.
Бұл ретте сарбаздар тарихи тұлғаның өмірі жайлы құнды мағлұматтар алғанын жеткізді.
- Бүгінгі сабақта біз кейіпкеріміз туралы білдік. Кітапханашы Айман апайға рахмет. Осы адам туралы жазылған шығармаларды оқи отырып, біз оны әділ, өз халқын шексіз сүйетін адам ретінде танимыз, - деп өз пікірін бөлісті қатардағы жауынгер Мадияр Телқоңыров.