Аягөз гарнизонында жаңа оқу жылы басталды

1430
көрілім

Аягөз гарнизонына қарасты әскери бөлімдер дабылмен көтеріліп, қысқы оқу кезеңінде жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейінде келтірілді.
Дабыл белгісімен көтерілген гарнизон жеке құрамы белгіленген уақытта әскери бөлімдерге келіп, жауынгерлік есеп бойынша орындалатын тапсырмаларына толықтай кірісті. Сонымен қатар  жедел топ бөлімшелері жергілікті құқық қорғау органдарымен  арнайы іс-қимылдарды талқылап, байланыс құралдары арқылы тапсырмаларды пысықтады.
Жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес әскери бөлімдерде тактикалық-саптық сабақтар өткізіліп, оның барысында жеке құрамды хабардар ету жүйесі және жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезіндегі басқару органдарының үйлесімділігі тексеріледі. Саптық-тактикалық сабақтар әскери бөлімдер мен бөлімшелердің қысқа мерзімде жан-жақты дайындықта берілген тапсырманы орындауын тексеруге мүмкіндік беретінін атап өту қажет.
– Жауынгерлік даярлық апталығының негізгі мақсаты – әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлік деңгейін бағалау және жеке құрамға белгіленген іс-қимылдарды пысықтау. Осындай шаралар барысында біз бөлімдер мен бөлімшелерге қойылған міндетті мерзімінде орындаудың нақты мүмкіндіктерін тексере аламыз, – деді гарнизон бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев.
Жауынгерлік әзірлікте жеке құрамды тосыннан тексеру бүгінгі күні Қарулы Күштердің шынайы жауынгерлік әзірлігін айқындаудың пәрменді тәсілдерінің бірі. Сондай-ақ әскерлердегі істердің шынайы жай-күйін зерделеудің маңызды үлгісі. Кенеттен тексеру кезінде бөлімшелердің іс-қимылдарының үйлесімділігіне, әрбір жауынгердің өзінің ұрыстағы іс-әрекетін білуімен шебер орындауы және өзара байланыс пен басқару  мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі