Тәуелсіздік күні қарсаңында Аягөз қаласының тарихи-өлкетану музейінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінің жауынгерлері мен 6-шы орта мектеп жас сарбаздарына «Желтоқсан жаңғырығы» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
Өскелең ұрпақтың бойындағы патриоттық рух пен әскери өмірге қызығушылығын ояту және насихаттау мақсатында ұйымдастырылған аталмыш кездесуге желтоқсаншы Өміржан Омарғазин мен Сандуғаш Шоқұлбаева қонаққа келді. Кешке желтоқсан оқиғасының куәгерлерінен бөлек, арнайы қонақ ретінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, педогогика ғылымдарының докторы Құрманғазы Жеделов пен аудандық «Мөлдір сана» газетінің бас редакторы Бақытөмір Шалғымбаев шақырылды. Мерекелік шара шымылдығы желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу үшін үнсіздік жариялаудан және Тәуелсіз мемлекетіміздің әнұранын айтумен ашылды.
Мұражайда кеш тізгінін ұстаған жас сарбаздар 1986 жылы сұрапыл кезеңнің куәсі болып, оқиғаға қатысқан аға-апайларына алғы сөз берді. Кеш қонағы Өміржан Омарғазин желтоқсан оқиғасының басынан өткерген естеліктермен бөлісіп осы оқиғаға қатысты қойылған жауынгерлер мен мектеп жас сарбаздарының сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ Өміржан ағамыздың ой түйгізер әңгімесін Сандуғаш Шоқұлбаева толықтырып, Тәуелсіздік оңайлықпен келмегендігін, осы тәуелсіздік жолында құрбан болған аға-әпкелердің ерлігін дәріптеуге құрметтеуге шақырды.
Іс-шара барысында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, педогогика ғылымдарының докторы Құрманғазы Жеделов құттықтау сөз сөйлеп «Мөлдір сана» газетінің бас редакторы Бақытөмір Шалғымбаев пен Аягөз қаласы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Аңсаған Жүзжасарова төсбелгі тағып тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкерлері Бақытжан Дүйсембековқа Еуразия дизайнерлер одағы президентінің арнайы алғыс хатын табыс етті.
- Бүгінгі кеш тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, олардың өмірін, ерлігі жайында түсіндіріп, батырлығын насихаттау үрдісі біздің сарбаздарға үлкен рухани азық берді. Жалпы патриоттық тәрбие беріп, Отанды сүюге және ерлікке баулуға сондай-ақ Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйретуге ат салысқан Аягөз қаласы тарихи-өлкетану музейінің ұжымына әскери бөлім атынан алғысымызды білдіреміз, - деді жеке радиотехникалық батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Ардақ Жапбарқұлов.
Шара соңы бірлескен өнерпаздардың ән-күйімен және мұражай ұжымының қонақтар мен сарбаздарға ұйымдастырған экскурсиясына ұласып, естелік суретке түсуімен тәмәмдалды.