Аягөз қалалық ІІБ-де көз жұмған үржарлық азаматтың әйелі қайғылы жағдайға қатысты өз нұсқасын айтты

2051
көрілім

Аягөз қаласындағы ішкі істер бөлімінде Үржар ауданы, Қаратұма ауылының 53 жастағы тұрғыны қайтыс болды. ШҚО ІІД-нің хабарлауынша, Рақымберді Қыдырмолдин жол ережесінің бұзылуын тіркеген бейнежазбаны көрмек болып полиция бөлімшесіне барған. Сол жерде ердің жасы елуден асқан азамат жүректің ишемиялық ауруынан көз жұмады. Ал марқұмның жанұясы полиция қызметкерлерінің осы оқиғаға байланысты ұйымдастырылған арнайы брифингте айтқан ресми мәлімдемесімен толыққанды қанағаттанбады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Ауырып тұрса да мән бермеген»

Маусымның 18 күні сағат 8:30-да қасында 4 жолаушысы (туған аға-жеңгесі және 2 құдағиы) бар Рақымберді Қыдырмолдин өзінің жекеменшік автокөлігімен Аягөз қаласына барады. Бұл сапардағы негізгі мақсат – Аягөз ауданы, Майлин ауылында бақилық болған құдашасының қырық күндік асына бару еді. Аудан орталығына тоқтап, көлігіне май құйып алуды көздеген үржарлық азамат қала ішінен сатып алатын май іздеген.

Қала ішіндегі жолдармен жақсы таныс емес жұбайым байқаусызда бір бағытта ғана қозғалуға арналған көшеде қарсы бағытта жүріп кетіп, қозғалыс ережесін бұзады, – деп Сандуғаш Алдажарова өз нұсқасын айтты. – Алайда жол жүру ережесін бұзғанын лезде түсіне қойған ол көлігін дереу тоқтатқан. Осы кезде «Нива» көлігіндегі жол-патрульдік полиция қызметкерлері оның қасына жақындап келіп «тоқта» деген белгі береді. Содан кейін полицейлер күйеуімді көліктеріне отырғызып алып белгісіз жаққа алып кеткен. Оған дейін жайдары көңіл-күйде отырған ол жарты сағат шамасында өңі қуарып, қобалжып келді.

Марқұмның зайыбының айтуынша, полиция қызметкерлерінің бірі көліктің алдында отырған Рақымбердінің ағасы Саят Қосетовтың орнына келіп жайғасқан. Ал Саят тәртіп сақшыларының көлігіне барып отырады. Құқық қорғау органы қызметкерінің бұл әрекеті Рақымберді Қыдырмолдинге ұнай қоймайды. ІІБ-ге жеткен кезде ол полицейлерге жүрегі ауырып тұрғандығын айтып ескерткен, алайда тәртіп сақшылары оның бұл сөзіне құлақ аспаған. Сандуғаш Алдажарованың сөзіне сүйенсек, сол уақытта полиция қызметкерлерінің бірі жұбайына оны заң бойынша 3 сағатқа ұстауға құзыры бар екендігін айтқан.

Полиция бөлімшесіне барар кезде Рақымберді полицейлердің көлігімен жеткен ағасына «Менімен бірге жүрші. Жалғыз өзім барғым келмей тұр» деп өтінген, бірақ есік алдындағы кезекшілер ағасын ішке кіргізуге рұқсат етпей қояды,– дейді ол.

Сарылып күту

Сағат тілі 10-нан асқанда полиция бөлімшесіне «Жедел жәрдем» көлігі келгенін айтқан Саят Қосетов:

– «Бірдеңе болып қалды ма» деп алаңдап, кезекшілікте тұрған құқыққорғау органының қызметкерінен сұрастырып едім, жөнді жауап ала алмадым. Шамамен 20-25 минут өткен соң «Жедел жәрдем» көлігі кетіп қалды. Сол уақытта әрбір 10-15 минут сайын «Інім қашан шығады?» деп кезекшіден қайта-қайта сұрай бердім. Ол маған «Күтіңіз, қазір шығады» деуден басқа жарытып ештеңе айтпады. Осылайша әрі-сәрі күйде 4 сағат уақыт өтті.

Сағат 14.00-де полицейлер марқұмның ағасын ішке шақырған. Саяттың уайымы бекер болмаған екен. Полиция қызметкерлері оған інісінің қызметтік бөлмеде көз жұмғандығын айтты, бірақ ағасы інісінің денесін көре алған жоқ.

Қайғылы жағдайды естігенде есім шығып кетті. Әлгінде ғана қасымда отырған інімнің қайтыс болғандығына сене алмадым. Бірден денесін көрсетуді сұрадым, алайда полицейлер мәйітті алып кеткендігін айтты. Жайсыз хабардан есеңгіреп қалып, ойымды жинақтаған соң полиция қызметкерлеріне «Інімді осында не үшін алып келдіңдер?» деген сұрақ қойдым. Сонда олар маған «Ксерокс жасатуға» деп жауап берген еді. Ал қазір ШҚО ІІД-нің «Жол ережесінің бұзылуын тіркеген бейнежазбаны көрмек болды» дегенді қайдан шығарғанын мүлдем түсінбедік, себебі Рақымберді өз кінәсін әуел баста-ақ мойындаған болатын. Онсыз да жүрегі ауыратын адамды міндетті түрде ІІБ-ге алып келу керек болды ма сонда? Рақымбердіні полицейлер ұрып өлтірді деген ойдан аулақпын, дегенмен тығырыққа тірелген кез келген адам, әсіресе жүрегінде ақауы бар адам психологиялық қысым көрген кезде жағдайы нашарлай түсуі әбден мүмкін,дейді Саят Қосетов.

Сандуғаш Алдажарованың айтуынша, күйеуінің көлігіндегі 77, 65 және 60 жастағы 3 әйел адам азаннан-кешке дейін нәр татпастан ІІБ-нің алдында отырады. Дегенмен олар көп күткеніне қарамастан марқұмның денесін көре алған жоқ.

Полиция қызметкерлерінен «Неге сарылтып күттірмей, дереу хабар бермедіңіздер?» деп сұрағанымызда «Біз сасқалақтап қалдық» дегенді айтқан. Кәсіби қызметкерлер қалайша осындай сын сағатта сасқалақтап қалады? – дейді Сандуғаш Алдажарова.

Дене жарақаты анықталмады

«Ел құлағы елу» демекші, бұл қайғылы оқиғаның мән-жайы ел ішіне кең тарап, жұртшылықтың пікір қарама-қайшылығын туғызды. Осыған орай, ШҚО ІІД Өскемен қаласында арнайы брифинг ұйымдастырды. Шара барысында полицейлер оқиғаның қалай өрбігендігі жайлы өз нұсқаларын алға тартты. Олардың айтуынша, бір бағытта ғана қозғалуға арналған көшеде қарсы бағытта жүріп кеткен Үржар ауданының тұрғыны өз кінәсін мойындамай, дәлел ретінде бейнежазба көрсетуді талап еткен. Онысына келіскен тәртіп сақшылары 53 жастағы азаматты қалалық ІІБ-ге алып келеді.

Сол жақтағы кезекші бөлімде жүргізуші бейнежазбамен танысқаннан кейін, оған тағылған айыппен келісіп, түсініктеме жазған. Дәл осы сәтте оның жүрек талмасы ұстап, жағдайы нашарлап кеткен. Полиция қызметкерлері «Жәдел жәрдем» шақырып, ер адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді. Араға 5 минут салып ІІБ-ге «Жедел жәрдем» көлігі де келіп жетеді, алайда олар Рақымберді Қыдырмолдиннің өмірін ажалдан арашалап қалуға үлгермеді.

Сараптама нәтижесінде Үржар ауданының тұрғынында ешқандай дене жарақаты жоқ екендігі анықталды, – дейді Жергілікті полиция қызметінің басшысы Дулат Қазақпаев. – Оған жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылды. Қайтыс болған азамат 2015 жылдан бері Үржар аудандық ауруханасында жүрек ауруына байланысты арнайы тіркеуде тұрған. Біз оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз.

Сансыз сұрақтар

Қоғамда дау тудырған оқиғаға қатысты екі жақтың пікірімен жіті танысқаннан кейін бізде бірқатар сұрақтар туындады:

Рақымберді Қыдырмолдиннің жол-жүру ережесін бұзғанын бірден мойындағаны рас па?

Не себепті әкімшілік хаттама жол ережесі бұзылған жерде толтырылмаған?

Полиция қызметкері не себептен Рақымберді Қыдырмолдиннің көлігіне отырды?

Егер жол жүру ережесінің бұзылғандығы анық белгілі болса, Рақымберді Қыдырмолдинді полиция бөлімшесіне апарудың қажеттілігі болды ма?

Полиция қызметкерінің 3 сағатқа ұстауға құзыры бар екендігін айтқаны рас па?

Үржарлық азаматтың денсаулығы нашарлап кеткен кезде не себепті ІІБ-нің алдында күтіп отырған туған-туыстарына дереу хабар берілмеді?

Рақымберді Қыдырмолдиннің қандай сырқат түріне душар екендігін білмеген полиция қызметкерлері оған қандай алғашқы медициналық көмек көрсетті?

Не үшін үржарлық азаматтың қайтыс болғандығы жайлы туған-туыстарына дереу хабар берілмеді?

Рақымберді Қыдырмолдиннің мәйіті неге туған-туыстарына бірден көрсетілген жоқ?

Қайтыс болған адамның денесін туған-туыстарына көрсетпей ІІБ-ден мәйітханаға кім(дер) жеткізді және немен жеткізді?

****

ШҚО ІІД-нің брифингте айтылған мәлімдемесімен келіспеген Сандуғаш Алдажарова Аягөз аудандық прокуратурасына шағым түсірді. Асыраушысынан айырылған әйел ерінің өліміне қатысты тергеу амалдарының әділетті түрде жүргізілуін қалайды. Оқиға ары қарай да газет тілшілерінің назарында болмақ.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ