Аягөз қаласында әскери есепке тұрғызу науқаны өтуде

432
көрілім

Қаңтар айының басынан Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде болашақ Отан қорғаушыларды әскери есепке тұрғызу науқаны басталды.

Наурыз айының соңына дейін жалғасатын бұл кезеңде бозбалалардың әскери қызметке жарамдылығы мен оқыған мамандығы және денсаулығы зерделенеді.  
Қазіргі таңда әскери есепке тіркелу үшін қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің медициналық тексеруінен өтуге мектеп және орта арнайы оқу орындарының оқушылары мен студенттері келуде. Сақтық шараларына байланысты күнде 30-ға жуық адамды қабылдауда. Алдымен бозбалалар әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексеруден өтіп, қажетті құжаттарды тапсырады. Есепке алу барысында анықталған медициналық бақылауды қажет ететін әскерге шақырушыларды емдеу-профилактикалық ұйымдарына тіркейді.
Аягөз қаласы бойынша 300-ге жуық азаматты әскери тіркеуге алу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдары мен әскери басқару органдары бірлесіп жүргізуде.  
- Жыл басынан бері Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде әскери есепке қою процесі қарқынды жүргізілуде. Әрбір бозбала мен ата-аналар біздің жергілікті әскери басқару органына жүгініп, толық ақпарат ала алады. Әскери есепке алғаш тұрған азаматтармен қосымша Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізіліп, келісімшарт бойынша әскери қызметтің артықшылықтары түсіндіріледі, - деді Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы орынбасары майор Мұрат Сәрсеев.
 Есепке тіркеу іс-шараларынан кейін жастарға әскери шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлік беріледі. Бұл куәлік әскерге шақыру кезінде шақырылушының есепте тұрғанын растайтын құжат болып табылады.
 
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі