Көктем келгелі Аягөз қаласында экскаватормен 4375 метр, оның ішінде, теміржолдың арғы бетіндегі ұзындығы 350 метр арық арнасы тазартылып тереңдетілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аягөздіктердің әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі бір аумақтар мен көшелер қардан тазартылғандықтары жайлы жазылған.
– "Әлем-бар" дәмханасының аумағы тазартылып, тереңдетілді. Әзірше ең таза арық аймағы алтыншы және жетінші квартал, бұл жерде 400 метрге дейін арна көзі ашылып, тазаланды, – деп жазылған парақшада.
Белгілі болғандай, қалада арықтан басқа ұзындығы жеті мың метрге жуық цемент тақталарынан жасалған науалар бар. Олар көбінесе қар, жаңбыр суларын ағызуға арналған және мезгіл сайын тазалауды қажет етеді. Тазаланған науаның жалпы ұзындығы үш мың метрден асты.
– Егер көше атымен атап өтсек, Ақанаев көшесінде 267 метр, Абай көшесінде – 805 метр, Бауыржан Момышұлы көшесінде – 1520 және Бөгенбай батыр көшесінде 410 метр науа қоқыстан тазартылып, көктемгі қар суына әзір тұр. Тазалау жұмыстарын "Бота" ЖШС жүргізді, ал "Аягөз-Су" коммуналдық кәсіпорын арық арналарының тазалығы үшін жауап берді. Аталған жұмыстар әлі де жалғасуда, – деп жазыпты әлеуметтік желіде.