Аягөз қаласында тұрғын үйлерге ауызсу тартылмақ

1178
көрілім

Бұл туралы аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев қаланың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен жолыққан сәтінде мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан басшысы 6 пункт және Найманбаев көшесінің тұрғындарымен кездесіп, бірқатар мәселеге құлақ түрді. Оның ішінде 6 пунктте орналасқан көпқабатты үш үйдің ауласын абаттандыру, тал отырғызу, ауызсумен қамту, кәріз жүйесі, балалар ойын алаңын орналастыру, іске қосылып тұрған футбол алаңын жарықтандыру, үйлердің электр жабдықтау жүйесін ауыстыру, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу және Найманбаев көшесіндегі 15 тұрғын үйге ауыз су құбырын тарту мәселелері көтерілген.  
– Өз тарапымнан әр мәселеге жеке тоқталып өттім. Ауланы абаттандыруды жоспарға енгізіп, бюджеттен қаржы қарастыруды, тал егуді күз мезгілінде жүзеге асыруды қала әкіміне тапсырдым. Ауызсумен қамту, кәріз жүйелері бойынша кемшін тұстарды анықтап, тиісті шараларды жүзеге асыруды «Аягөз Су» КМК басшысына тапсырдым. Көпқабатты тұрғын үйдің электр жабдықтау жүйесін ауыстыру, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесі бойынша меншік иелері өзара келісе отырып іске асыра алатындығын түсіндірдім. Найманбаев көшесіндегі 15 тұрғын үйге және Аягөз қаласының ауызсу құбыры тартылмаған басқа да көшелеріне су тарту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асатындығын жеткіздім, – деді Ділдәбек Тәжібайұлы.