Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында Аягөз қаласында 29 екі пәтерлі (58 баспана) және несиелік бағыттағы бір пәтерлі 50 тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі күні 45 отбасына кілттер табысталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сонымен қатар 2022 жылдың 1 тоқсанында оффтейк контракт арқылы сатып алынуға бағытталған 39 екі пәтерлі (78 баспана) тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар баспана кезегінде тұрған 186 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік бермек.
Несиелік бағыттағы бір пәтерлі 50 тұрғын үй "Отбасы банкі" арқылы сатылатын болады. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны - 150 мың теңгені құрайды.
Аягөз ауданында тұрғын үйді берудің көлемі 2021 жылдың соңына дейін 73 736 шаршы метр болады деп күтілуде. Бұл 2020 жылмен салыстырсақ 290,5%-ға өсім.
Аталған аумаққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда 1000 мектеп салу міндетін іске асыру мақсатында, облыс әкімі Д.Ахметовтың қолдауымен 600 орындық жаңа мектеп және балабақша салу құрылысы жоспарлануда.
Айта кетсек, 2020 жылы Аягөз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй және «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында екі пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 140 отбасы баспаналы болды.