Күздің соңғы айында Аягөз қаласында орналасақан әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімі Солтүстік Қазақстан облысынан келген жас өрендермен толықты.
Жоспарға сәйкес жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтіп, әскери өмірдің қыр-сырын үйренетін болады. Жас сарбаздарды әскери қызметке бөлім командирімен бекітілген таңдаулы және кәсіби деңгейдегі офицерлер мен сержанттар дайындайды.
Сонымен қатар жас толықтырушыларға терең психологиялық тестілеу мен таныстыру жұмыстары ұйымдастырылады. Жас сарбаздар ротасының әкімшілік құрамы әр сарбазбен жеке сұхбат жүргізіп, оларды толық мәліметпен таныстырады.
– Әскери бөлімде жас сарбаздардың келуіне барлық жағдай жасалып, жиын әкімшілігі құрылды. Бір ай ішінде болашақ әуе шабуылына қарсы әскери бөлімінің сарбаздары жалпы әскери жарғы, мемлекеттік құқықтық дайындық және жауынгерлік дайындық сабағы бойынша білім алатын болады. Сондай-ақ жас сарбаздар өздеріне қолданысқа берілетін әскери техникалармен, қару-жарақ және басқа да әскери құралдармен танысып, оларды дұрыс қолдану тәсіліне үйренеді, – деді бөлім командирі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы майор Асхат Құмар.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әскери борыштарын өтеуге келген оғландар өздерінің бір жыл қызметтері барысында нағыз шыңдалған ер азамат болып шығатындарына сенімді.
– Отан алдындағы борышымды өтеуге Петропавл қаласынан келдім. Бізді әскери бөлім ұжымы жылы қарсы алды. Алғашқы күннен бастап әскери өмір маған ұнап жатыр. Барлық қатарлас достарымды әскер қатарына шақырамын, – деді жас толым Алмас Ташарғанов.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі