Биылғы жылы Аягөз қаласында Ақтанберді, Нұралин, Абай бульвары және Ш. Уәлиханов көшелеріне бағдаршамдар орнатылады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Аудан әкімі Бақытжан Байахметовтың айтуынша, алдыңғы жылдары жұмысы басталған Қабанбай батыр көшесін қайта жаңарту жұмыстары биыл соңына жеткізіледі. Аталған көшеге осы жылы жаяу жүргіншілер жолағы мен тротуар салу, жарық бағандарын орнату, асфальттың екінші қабатын салу, жол белгілерін қою, 4 автобус аялдамаларын салу жоспарланып отыр.
– Сонымен бірге, Аягөз қаласындағы Қабанбай батыр көшесімен қиылысатын Ақтанберді, Нұралин, Абай бульвары және Ш. Уәлиханов көшелеріне бағдаршам орнатылады, – дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Молдағұлова, Ш. Уәлиханов, Ақанаев, 9 ықшам ауданы көшелеріне 29 909 шаршы метр асфальт төсеу жұмыстары жоспарлануда. Бүгін де Ш. Құдайбердіұлы көшесінде тас жұмыстары басталып кеткен.