Аягөз қаласындағы «Жақсылық» жәрмеңке алаңының талапқа сай еместігіне шағымданған тұрғындар сатылымдағы азық-түліктің шаңға бөгіп тұрғанын алға тартқан. Бұл мәселеге қатысты Аягөз ауданының әкімдігі аталған базарға санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстарын жүргізіп, расында, оның белгіленген талаптарға сай еместігі туралы қорытынды шығарған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Тексерістің қорытындысына сәйкес, жәрмеңке алаңы базар ретінде санитарлық ережелерге сай келмейтіні анықталған.
– Сатылымға қойылатын азық-түлік тауарлары орналасқан жердің талапқа сай екендігі санитарлық-эпидемиологиялық тексеру барысында анықталған жоқ. Аягөз ауданы прокуратурасы былтыр қала тұрғынының арызын қайта қарап, желтоқсанда «Жақсылық» жәрмеңке алаңына жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, жәрмеңке алаңының иесіне әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды. 19.01.2017 жылғы Аягөз аудандық сотында жеке кәсіпкердің ісі қаралып, құқықбұзушылыққа жол бергені үшін оған 25 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – дейді Аягөз аудандық Тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Жұмақанов.
Басқарма басшысының жауабына сәйкес, Аягөз ауданы прокуратурасының тапсырмасымен сәуірдің басында ШҚО бойынша ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына «Жақсылық» жәрмеңке алаңының қызметіне тыйым салу жөнінде талап арыз жолданыпты. Енді жәрмеңке алаңының жабылу-жабылмауы алдағы уақыт еншісінде қалмақ. Алайда Аягөз қаласында аталған базардағы сатушылар жұмыссыз қалмайтындай қам жасалып жатқанға ұқсайды.
– «Жақсылық» жәрмеңке алаңының жанында 2014 жылы өз жұмысын бастаған «Аманғұл» сауда орталығы орналасқан. Аталған сауда орталығында ет және сүт өнімдерін. тағы басқа өнімдерді сатуға болады. Ішінде тоңазытқышы да бар. Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай. Қазіргі таңда «Аманғұл» сауда орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға болатындығы туралы жергілікті газет бетіне хабарлама жасалды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Болат Сүлейменов.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуретті түсірген автор