Сайт редакциясына хабарласқан тұрақты оқырмандарымыздың айтуынша, бір жетіден бері қоқыс жәшіктері жартылай бос тұрғанымен тұрғындар қоқыстарын бей-берекет лақтыруда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айдана Өкенованың (аты-жөні өзгертілген) айтуынша, аталмыш мәселе бойынша аудан әкімдігі мен ПИК өкілдеріне кінә артпай, олқылыққа жол берген тұрғындардың өздері қоқыстарын оңды-салды тастамаулары тиіс. Одан қалса, қоқыс жәшіктерінің маңайынан өткен аягөздіктер мен аулада ойнап жүрген балалар зат қалдықтарының күлімсі иісін жұтуда.
– Қала тұрғындары тағы бір қадам жасап пакеттерін қоқыс жәшігіне тастаудың орнына жеткізбей қоя салады. Кейбірі ермек қылып, қоқыстарын алыстан тұрып лақтыруды әдетке айналдырған. Жер-жерде жатқан пакеттерді қаңғыбас иттер көше-көшелерге шашады. Ал қалдығы жел соқса бүкіл аулаға тарайды, – дейді Айдана Өкенова.
Қала тұрғыны шағымын айта келе, барша тұрғындарды бұл әрекетке немқұрайлы қарамай, қала тазалығына мән беруге шақырды.