Аягөз қаласының тұрғындары көше жолдарының жарым-жартылай жөнделетіндігіне наразы

1846
көрілім
Шартты фотосурет

Олар бәрінен бұрын жұмыстың жазғытұрым мезгілде басталмай, күздің қара суығы қақпаны қағып тұрғанда қолға алынатындығына аң-таң. Мердігер ұйым өгізаяңға басып, алдына қойылған міндетті орындауға ниет танытпады ма, әлде жұмыс реті соған сәйкес келді ме, белгісіз, әйтеуір жөндеу жұмысына тұрғындар көңілі толмауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жартылай ғана жөнделеді»

Аягөздіктер алдымен қала ішінде әр үйдің ауласында ыбырсып жататын қоқыс мәселесін, жарықтандырылмаған көшелерді бір қамтып, соңына қарай асфальт төселмеген жол жағдайын жеткізді. Газет редакциясына қоңырау шалып, артынша, сол талап-өтініштерін аудан әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Шынымен-ақ жөндеу көрмеген бір емес, бірнеше көше бар екен. Аудан басшысына әр тұрғынның айтқан шағымы мен өтініштері қарша борап, күні бүгінге дейін шешімін таппаған мәселелер легін әшкерелегендей. Әлия Молдағұлова, Дюсембаев, Ахмет Байтұрсынов, Би Боранбай және тағы басқа көшелерге тым құрығанда қиыршық тас төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілмегендігіне бірнеше жыл болған.

– Осындай жұмыстар күн жылыда неге атқарылмайды? Қар жауып, айнала көктайғақ болғанда әлекке түседі-ау келіп. Жөнделген тұсы қар сөгіле отырып қалады. Оған қоса Байтұрсынов көшесінің сол жақ қанатына асфальт төселгенмен, жолдың екінші жағына асфальт тұрмақ құмтас та жайылмады. Дегенмен алдында ғана Байтұрсынов көшесі асфальтталды деген еді. Көктемде машина тұрмақ жаяу адам жүре алмайды. Неге көшелер жартылай ғана жөнделеді? – дейді тұрғын.

Қай көшелер қамтылмақ?

Әзірге аудан басшылығы аталған көшелердің түйткілін шешуге асықпайтын сияқты. Бәлкім жоспарға енбеген болар. Сейілбек Ысқақов әлеуметтік желідегі парақшасында Жолдасов, Байғабылов, Тоқсанғазин және Нұғыманов көшелерін мердігер ұйым өкілімен аралап, жолдарға құм төселіп, арық жасалатындығын мәлімдеді. Ал аяқсыз қалған көшелерді асфальттау жұмыстары хақында жобалау кезіндегі ағаттық деп түсіндірді.

– Иә оныңыз рас, былтыр жобада солай болыпты. Мәселені келер жылы қарастырамыз, – деді ол.

Әділхан ЕСІМХАНОВ