Елдегі төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Даниал Ахметов әр аудан әкіміне сауда орындарындағы баға тұрақтылығын жіті бақылауды қадап айтқан. Өкінішке қарай, Аягөз ауданының жауапты мекеме қызметкерлері бұған жауапсыздық танытқан сыңайлы. Себебі тұрғындар тарапынан бағаның өскендігі жайлы шағымдар қарша борауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аягөз ауданық ішкі саясат бөліміндегілер Facebook желісінде «Ауданда әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні мониторинг нәтижесінде азық-түлік өнімдерінің орташа бағалары тұрақты, көлемі жеткілікті. Сондай-ақ Аягөз қаласы мен Ақтоғай кентінде азық-түлік бағаларын тұрақты ұстау мақстында әр аптаның сенбі күндері ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылуда», - деген жазба қалдырған.
Алайда аягөздіктер шенеуніктердің бұл айтқанымен мүлде келіспейді екен.
- Баға күнделікті қымбаттауда. Жазған сон шындықты жазыңыздар. Неге бағаны қадағаламайсыздар?! Сұмдық қой мынау деген. Қант бағасы 200 теңгеге шыкты. Тамақтың бәріне күнделікті 100, 200 теңгеден қосылып жатыр, - дейді Facebook желісінің қолданушы Эльмира Дайырбаева.
Ал Баян Бәйтерекова есімді желі пайдаланушысы да әкімдіктің бұл пайымының шындыққа жанаспайтындығын жазды.
- Өтірік жазбай шындықты жазу керек. Қант қымбаттады. Басқа тағамдарға да баға қосылды. Баға қосылмады деп айтады. Өтірік сөздің қажеті жоқ, - дейді ол.
Тұрғындар осылай «бәрі жақсы» деген әкімдіктің жазбасына наразылық білдіруде. Себебі олар баға тұрақсыздығына алаңдаулы.