Аягөз ауданында кәмелеттік жасқа толмаған баланы қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан көлік жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
15 қыркүйек күні сағат 19.00-шамасында Аягөз қаласындағы Нұралинов көшесінде келе жатқан «Ваз-21093» маркалы автокөліктің жүргізушісі 7 жастағы баланы қағып кеткен. Осының салдарынан баланың аяғы жарақаттанады. Ал жол-көлік оқиғасына тап болған көлік жүргізушісі жығылғанға жәрдемдескеннің орнына сол жерден лезде тайып тұрған.
Араға 5 күн салып аудандық ІІБ қызметкерлері баланы қаққан 18 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Қазіргі уақытта бұл жайтқа орай ҚР ҚК-нің 345 және 347-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.