Жол-көлік оқиғасына ұшыраған аягөздік азамат өзіне келтірілген шығын мөлшерін нақтылау үшін көлік жөндеумен айналысатын танысының үйіне барып ақыл сұрамақ болады. Алайда үй есігін ешкім ашпаған соң ол қақпадан секіріп кіріп, терезені тоқылдатқан. Бұнысына ашуланған үй иесі ауласына рұқсатсыз кірген ер адамды атыс қаруымен атып жібереді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Аягөз қаласының тұрғыны Еркін (адам аты өзгертілген) кешкі сағат 23.00 шамасында жекеменшік автокөлігіне мініп, Ақтамберді көшесінің бойында орналасқан Орталық мешіттің алдында келе жатады. Кенет оның артынан «ВАЗ-21014» маркалы автокөлік келіп соқтығысқан. Екі жүргізуші жол-көлік оқиғасы туралы полицияға хабарламай, өзара шешуді ұйғарады. Осыдан кейін Еркін өзіне келген материалдық шығын мөлшерін анықтау мақсатында А.Көшкімбаева көшесінде тұратын, автокөліктерді жөндеумен айналысатын досының үйіне қарай барады. Ұялы телефон қоңырауына жауап бермеген досының қақпасы жабық тұрған.
Сол кезде Еркін қақпадан секіріп, аулаға кіріп, досының үнемі автокөліктерді жөндейтін гаражына барады. Іздеген адамын сол жерден де таппаған ол үйдің кіре беріс есігінің жанындағы терезе әйнегін қаққан. Үй иесінің «Бұл кім?» деген сұрағына Еркін бар мән-жайды түсіндіріп береді. Осы ретте оның ауласына бейтаныс ер адамның еш рұқсатсыз кіргеніне ашу-ызасы келген үй иесі сейфтен 12 калибрлі «ИЖ-18 Е» модельді атыс қаруын алып, оны бір оқпен оқтап, тысқа шыққан. Қаруды бейтаныс «қонаққа» бағыттаған еркек «Келген жолыңмен ауладан шық!» деп бұйырады. Санасын қорқыныш ұялаған Еркін ауладан шықпақшы болып артқа бұрылғанда, үй иесі қолындағы қаруымен жақын қашықтықтан бір рет атып жібереді. Осының салдарынан жәбірленушінің жауырын үстіндегі жұмсақ ұлпалары және мойын тұсының бұлшық еттері мен тамырлары зақымданып, орташа дене жарақаты келтірілген.
ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі бойынша айыпталушы ҚР ҚК-нің 24-бабы, 3-бөлімі және 99-бабы, 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.