Аягөз қалалық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөліміне жеке сот орындаушысының өз балаларын асырап-бағуға алимент төлемей жүрген 47 жастағы борышкерге іздеу жариялау туралы қаулысы келіп түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іздестіру іс-шаралары барысында Аягөз аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметінің қызметкерлері бір тәулік ішінде іздеу алимент төлеуден жалтарып жүрген ер адамның жүрген жерін анықтаған.
- Белгілі болғандай, ол бір жылдан астам уақыттан бері өзінің төрт баласын асырауға алимент төлемей, қарызы 400 000 теңгеге жеткен. Енді қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады, - деді Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
ШҚО ПД көші-қон қызметі атқару құжатын орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы (сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісі мен атқару құжатын орындамау) және ҚР ҚК-нің 139-бабына (балаларды асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке жарамсыз ата-анасы мен жұбайын (зайыбын) асырау үшін қаражат төлеуден жалтару) сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеді.
ШҚО Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері алимент төлемегені үшін іздестіріліп жатқан адамдардың орналасқан жерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Тәртіп сақшылары биыл алимент бойынша қарызын төлемей, сот орындаушыларынан жасырынып жүрген 300-ден астам азаматты анықтады.