Қараша айының 13-і күні Аягөз қаласы полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөліміне өзінің кәмелетке толмаған баласын асырауға алимент төлемей жүрген ер адамды іздеп табу жөнінде қаулы түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, алимент төлеуден жалтарған 34 жастағы ер адамға іздеу салынған. Қашқалақтап жүретін әкесі «әне-міне» деп жүріп, кейін анықталғандай, 700 000 теңге қарызы жиналғандығы белгілі болды.
- Іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері бір тәулік ішінде құқық бұзушының Нұр-Сұлтан қаласында жүргенін анықтады. Оған қатысты жиналған материал қаражатты өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының полицейлері 300-ден астам алимент төлемеген анықтады.
Көші-қон қызметі атқарушылық құжатты орындамағаны үшін заңда әкімшілік (ҚР ӘҚБК 669-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК 139-бабы) көзделгенін ескертеді.