Аңға шыққан Аягөз ауданының тұрғыны қызыл кітапқа енген «Саджа» құстарын атып алып, мемлекетке 3 млн.теңгеге жуық залал келтірген. Осыған байланысты сот ісі аудандық сотта қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, ер адам сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген 14 дана «Саджа» құсын өзінің иелігіндегі аңшы мылтығымен заңсыз атып алады. Осының салдарынан ол мемлекетке 2 772 000 теңге материалдық шығын келтірген.
Аягоз аудандық сотының шешімі бойынша, айыпталушы ҚР ҚК-тің 337-бабының 4-бөлігі, 2,4-тармағында (жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, ірі залал келтіре отырып заңсыз аулау) қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушыға 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол аңшылықпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.