Аягөзде әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәліктер берілді

13021
көрілім

Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде  мектеп оқушылары мен колледж студенттері әскерге шақыру учаскесіне тіркелгені жөнінде куәліктер алды.
Куәліктерді алмас бұрын алдымен бозбалалар әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексеруден өтіп, қажетті құжаттарын тапсырған болатын.
Биыл басталған болашақ Отан қорғаушыларды әскери есепке тұрғызу науқаны наурыз айының соңына дейін жалғасады. Бұл кезеңде бозбалалардың әскери қызметке жарамдылығы, меңгерген мамандығы және денсаулығы зерделеніп, әскери есепке алынады.
Сонымен қатар есепке алу барысында емделуді немесе медициналық бақылауды қажет ететін әскерге шақыру жасына дейінгілер анықталса, онда олар емдеу-профилактикалық ұйымдарына тіркелетін болады.
– Әскери есепке алғаш тұрған мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәліктерін табыстадық. Бұл куәлік әскерге шақыру кезінде шақырылушының есепте тұрғанын растайтын құжат. Қазіргі уақытта наурыз айының соңына дейін Аягөз қаласы бойынша 300-ге жуық азаматты әскери есепке қою жұмыстары жүргізілуде, – деді Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі бастығының орынбасары майор Мұрат Сәрсеев.