Аягөзде 41446 әскери бөлімінің құрылған күніне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мерекелік жиынға мекеме командирлері, Қарулы күштер ардагерлері мен әскери қызметкерлер қатысты.
– Аталған әскери бөлім өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Жеке құрамда үздік қызметімен көзге түсіп жүрген қызметкерлер аз емес. Барша әріптестерімді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, қызметтеріне қажыр-қайрат тілеймін, – деді полковник Есет Өмірбаев.
Шара соңында бөлімнің штаб бастығы подполковник Максим Веразуб әскерилерді алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Айта кететін жайт 41446 әскери бөлімі Орта Азия әскери округі Құрлық әскерлері Бас штабы бастығының 1974 жылғы 26 ақпандағы № 453 Директивасы негізінде Семей облысының Аягөз қаласында құрылған. Бөлімге алғашқы жылдары аға лейтенант Г.И. Антоненко басшылық жасады. Бүгінде аталған әскери ұжымның жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді берік ұстана отырып, еліміздің тыныштығын лайықты күзетіп келеді.