Аягөз қаласының Оңтүстік әскери қалашығында әскери қызметшілер қардан мүсіндер мен сырғанақ алаңдарын жасап балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мереке қарсаңында гарнизондағы барлық әскери бөлімдердің өнерлі әскерилері жиналып, қар мен мұздан жаңажылдық кейіпкерлерді жасады. Әскери қалашықты әрлендіретін дәстүрлі шара биыл да жалғасын тапты.
Күнде қолдарына қару алып, темірдей тәртіпке ғана бағынатын әскерилердің бұл игі істері әскери қалашық тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, тамашалаған балаларды бір марқайтты.
Шегі жоқ өнерге ерік беріп есте қалар ертегі мен мультфильм кейіпкерлерін жасаған әскер қатарындағы өнерпаздардың еңбегі, гарнизон басшылығы арасынан тағайындалған қазылар алқасы тарапынан бағаланды. Бірінен-бірі озатын мүсіндерді бағалауда төрағалық еткен қазыларға шешім қабылдау оңайға түспегені анық.
– Бүгінгі шарада әскери қызметшілердің өнерлін бағалау өте қиын да қызықты болды. Себебі, барлық мүсін әдемі және бәрі бірінші орынға лайық. Алайда сайыстың аты сайыс жеңімпаз болуы тиіс. Осы шараға ат салысқан барлық әскери бөлімдерге рақмет айтқым келеді, – деді Аягөз гарнизонының бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев.
Дегенмен де мұздан креативті етіп ерекше көз тартып түнгі уақытта жанатын барыс бейнесін жасаған 15701 әскери бөлімінің мүсіні бірінші орынды иеленді. Екінші орынды шынайы қабылан бейнесіне ұқсатып жасаған 41446 әскери бөлім алса, торпақ пен барыстың алып қылып мүсіндеген инженерлік-саперлық батальоны үшінші орынға табан тіреді. Артынша марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, үздік мүсін иесі атанған әскери бөлімдерге мақтау қағаздарымен сыйлықтар тарту етілді.
Айта кетейік, мүсіндерді әскери қалашық аумағында алдағы қыс айлары бойы тамашалап, арнайы жасалған мұз айдынында сырғанақ теуіп отбасымен демалуға болады.