Аягөзде әскери қызметшілердің балалары арасында шағын футболдан жарыс өтті

384
көрілім

Аягөз гарнизонында әскери қызметшілердің балалары арасында шағын футболдан жарыс өтті.
Спорттық шара Балалар жылына орай ұйымдастырылып отыр.

Турнирдің мақсаты жасөспірімдерге салауатты өмір салтын насихаттау, балаларды спортпен айналысуға ынталандыру. Сонымен бірге әскери қызметшілердің балалары арасында татулық пен бірлікті нығайту болып табылады.

14 команда қатысқан ойындар өте тартысты өтті. Турнир қорытындысында танкистер құрамасы мотоатқыштар батальоны әскери қызметшілерінің балалары жеңіс тұғырынан көрінді. ІІ орынды инженерлік-саперлар батальоны әскери қызметшілерінің балаларынан құралған команда иеленді. Ал жүлделі ІІІ орынды танкистер құрамасы басқарма офицерлерінің балалары қанағат тұтты.

Теңбіл доп бәсекесінде қарсыластың қақпасынан сан мәрте саңылау таба білген сұр мерген Асылбек Тұрысбеков «Үздік шабуылшы» атанды. Асан Берікұлы «Үздік қақпашы», Нұрахмет Тілеухан «Үздік қорғаушы» номинацияларын жеңіп алды.

Шара соңында Аягөз гарнизонының бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев доп додасына қатысқан балалардың бәріне алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Жүлделі орын алған командалар медальдармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

 Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі