Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің жеке құрамына жол-көлік оқиғаларына және әскери қызметшілердің әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты жауапкершілігі тақырыбында сабақ өткізілді.
Шараны өткізудегі басты мақсат – жол-көлік оқиғалары мен олардың ауыр салдарының санын азайту және әскери қызметшілердің әкімшілік құқық бұзуының алдын алу.
Сабақ барысында Аягөз гарнизоны әскери полиция бөлімінен келген офицерлер жеке құрамға елімізде әскери қызметшілердің қатысуымен болған оқиғалардың статистикасын өткен аймен салыстырмалы түрде жеткізіп, көлік оқиғаларының орын алу себептерін де айтты.
– Қазіргі таңда «Жылдамдық туралы ойлан» айлығы өтуде, оның басты мақсаты жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған және жол жүру қағидаларының бұзылуына жол бермеу, әсіресе қатты жылдамдықпен жүрмеу, ішімдік ішіп автокөлік жүргізбеу жөнінде жан-жақты түсіндірілуде, – деді әскери автокөлік полиция бөлімшесінің бастығы майор Талғат Замзин.
Сонымен қатар, әскери полиция бөлімі әкімшілік тәжірибе бөлімшесінің офицері аға лейтенант Тахир Жаңабеков акция аясында жеке құрамға үстіміздегі жылдың жарты жылдығында Аягөз гарнизоны әскери қызметшілерінің құқық бұзу әрекеттеріне тоқталып, оларды алдын алу шараларын түсіндірді.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушы мамандарға аталған тақырып бойынша сұрақтар қойып, тиісті жауап алып жатты.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі