Аягөз гарнизонының танк бригадасында қысқы оқу кезеңінің жауынгерлік жоспарына сәйкес шынайы ұрысқа барынша жақындатылған жағдайда роталардың арнайы тактикалық оқу-жаттығулары өтуде.
«Майлин» полигонында жеке құраммен өтіп жатқан оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – роталардың жауынгерлік әзірлігін, олардың үйлесімділігін тексеру және әскери қызметшілердің функционалдық міндеттерін іс жүзінде орындауларына баға беру, сондай-ақ машықты іс жүзінде шыңдау.
Командирлердіӊ біліктілігі мен тәжірибесін арттыру, дұрыс шешім қабылдауды және шебер басқаруды үйрету де маңызды.
– Бүгін менің взводым жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындап, жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. Жауынгерлік машиналар және штаттық қарулармен атыс жүргізу кезінде қатарымызға жаңадан қосылған жас сарбаздар теориялық білімдерін еркін пайдаланып, ұрыстық іс-қимылдар мен командаларды дәл орындады, – деді танк бригадасы 3-ші танк батальонының взвод командирі лейтенант Дарын Нұрмағанбетов.
Жеке құраммен арнайы жауынгерлік тапсырмаларды орындамас бұрын, алдын ала жеке әдістемелік сабақтар өткізіліп, барлық қауіпсіздік шаралары жеткізілді. Сондай-ақ тактикалық іс-қимылдар кезінде жеке қару мен әскери техникаларды шебер әрі тиімді пайдалануға айрықша назар аударды. Осындай арнайы роталық тактикалық оқу-жаттығуы жеке құрамның теориялық білімдерінің нығайуына, жаңа қосылған жауынгерлердің тәжірибе алмасуына және жалпы роталардың қызметтік міндеттерін сапалы орындауына оң ықпал етеді.
– Рота жеке құрамымен бірге шынайы ұрыс жағдайында жаттығуға алғаш рет қатысып, жауынгерлік тапсырмаларды орындадым. Оқу-жаттығу барысында шыңдалу мен үшін мәртебе. Өзімнің Отан алдындағы борышымды өтеуге келгеніме еш өкінбеймін. Себебі, мен бұл жерде нағыз ер азаматқа қажетті іспен айналысып, елімді қорғайтын жауынгер болып шығамын, – деді қатардағы жауынгер Әбдірәлі Мұхтар.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі