Аягөзде мас жүргізушінің ізіне түскен полицейлер оқ атып, егде жастағы жолаушыны жаралаған

1323
көрілім
Аягөз ауданында мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушіні ұстаймыз деген полиция қызметкерлері оқ атып, егде жастағы жолаушыны жаралаған. Дөңгелекке тиген оқ тайқып кетіп, көлік ішіндегі азаматқа тиеді. Зардап шегуші омыртқасындағы жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

26 шілде күні Аягөз қаласында полицейлердің «тоқта» деген ескертуін елемеген көлік жүргізушісі ауыл арасындағы жолмен тәртіп сақшыларынан ізін суытпақ болады. Полиция қызметкерлері тәртіпке бағынбаған көлік иесін көзден таса қылмай бірден қуа жөнелген.

Қуалау барысында құқыққорғаушылар қызметтік қаруды қолдануға мәжбүр болады. Көліктің артқы дөңгелектеріне бағытталып атылған екі оқтан кейін, қашып бара жатқан көлік тоқтады, – деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі. – Екі оқтың бірі дөңгелектен тайқып кетіп, көлік ішінде отырған 1954 жылғы ер адамға тиген. Омыртқасы жараланған азамат жедел түрде ауруханаға жеткізілді.

Айта кету керек, мас күйінде болған көлік жүргізушісі тоқтаған соң бірден полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған.

Айыпталушы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметі. – Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, оқ атқан полицейлердің де әрекеті ҚР ҚК-нің 362 бабына орай жеке тексеріліп жатыр. Тергеу амалдары ШҚО ІІД-нің қатаң бақылауына алынған.