Аягөзде өрт салдарынан үйсіз қалған тұрғындарға қандай көмек көрсетілді?

965
көрілім

Ақпанның 5-і күні Аягөз қаласы Х.Дүйсенов көшесіндегі екі қабатты тұрғын үй өртеніп, 29 адам баспанасынан айырылған еді. Тілсіз жаудан жарақат алғандар болған жоқ. Десе де тұрғындардың үйі мен бағалы заттарын күлге айналып, елеулі шығын келтірілген. Осы ретте, тұрғындардың қазіргі жағдайын, оларға әкімдік пен жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қандай көмек берілгендігін үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарының қашан аяқталатындығын Buqara.kz сайтының тілшісі анықтап көрді.

29 адам үйсіз қалды

Кенеттен келген өрттің салдарынан 10 пәтер толықтай өртке оранып, 29 адам баспанасыз қалды. Оның ішінде 6 жасқа дейінгі 3 бала бар. Осы ретте, ШҚО ТЖД мамандары өрт сынақ зертханасын жүргізген болатын.

Өрт жайлы хабар диспетчерге кешкі сағат 20.31-де келіп түскен. Таңғы сағат 04.00-де өрт ошақтары оқшауланды. Ал тілсіз жау толықтай 09.07-де ауыздықталған. Тексерудің нәтижесі бойынша, жалпы аумағы 290 шаршы метрді құраған үйдің қабат аралығындағы ағаш бөліктері, жиһаздар, жеке заттар мен тұрмыстық техникалар өртеніпті. Сондай-ақ тұрғын үйдің шатыры да толықтай жанып, жерге құлаған. Тек кірпіштен жасалған қабырғасы ғана қалды, – дейді мамандар.

Аягөз қаласына жолымыз түскенде Дүйсенов көшесіндегі өртенген үйдің жай-күйімен танысып қайтқан едік. Сол жерде үйді қайта қалпына келтіру үшін жұмысшылардың бел-сыбана еңбек етіп жатқандығын көзіміз шалды.

Көпқабатты тұрғын үйді қайта жөндеу жұмыстары сәуір айының басында басталды. Жұмыскерлер құрамында 12 адам бар. Барлық жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде, – дейді бригадир Самат Бесбаев.

Бір күндік жалақыларын аударды

Зардап шеккен тұрғындарға әкімдік тарапынан қандай көмектің берілгендігін сұрастырдық. Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаев:

Бұл тұрғындарға әкімдік тарапынан пәтерлер ұсындық, алайда қалада жақын туыстары тұрғандықтан 29 адам түгелдей туыстарының үйінде тұрып жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер тарапынан тілсіз жаудан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетілді. Демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер: Какенғажы Байахметов, Рысбек Дүйсекеев, Бауыржан Кусаков, Бақтыбек Тұрсынбаев, Әмір Аханұлы, «Айдын» ШҚ, «Аралбек» ШҚ, «Тошала» ШҚ, «Аягөз астық» ЖШС. Сондай-ақ, Х. Дүйсенов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру үшін мемлекеттік қызметте жүрген барлық қызметкерлер өз тарапынан бір күндік жалақыларын арнайы ашылған шотқа аударды. Бұл жинақталған қаржыға қазіргі уақытта аталған тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді ол.

Аудандық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, көпқабатты үйді қайта жөндеу жұмыстарын 2017 жылдың қыркүйек-қазан айларында аяқтау жоспарланып отыр.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуретті түсірген автор