Аягөзде шетелдіктердің қаржысына салынуы тиіс 60 пәтерлі үйдің жұмысы кенжелеп қалды

975
көрілім

Өткен жылы Аягөз қаласына ат тартқан португалдық инвестор қалтасынан қаржысын құйып, 60 пәтерлік тұрғын үй салатынын айтқан еді. Бүгінде аталмыш құрылыс тоқтап тұр. Оның сылбыр ісіне Аягөз ауданында жұмыс сапарымен болып қайтқан өңір басшысы Даниал Ахметов ескерту жасап, алдағы екі айда тұрғын үй құрылысының жұмыстарын бастамаса, шетелдік компаниямен жасалған келісім-шартты бұзатынын айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

– Өткен жылы кездескенде аталған жобаның директоры Альфредо Бруно менен 60 пәтерлі тұрғын үй салатынын айтып, көмек сұраған еді, – дейді Даниал Кенжетайұлы. – Біз осы уақытқа дейін осы жобаның барлық инфрақұрылымын жасауға бюджеттен 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлдік. Бүгінде мұнда жарығы, суы тартылған. Өз тарапымыздан барлық жағдайды жасадық, алайда «СМП-610» ЖШС мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны ғана игеріп, өз қаражаттарын шығармаған. Соның салдарынан жұмыс өте сылбыр жүргізілуде.

Аймақ басшысы алдағы екі айда жағдай өзгермесе, шетелдік компаниямен келісім-шартты бұзып, жергілікті әкімдіктің жұмысқа бел шеше кірісу қажеттігін айтты. Пәтер кезегіне тұрып, салым жинап жатқан 5540 адамның бүгінде 850 миллион теңге қаражат жинағанын алға тартқан облыс әкімі бұл құрылысқа өз қаражатымыздың да жететінін айтады.

– Көмек сұрады, біз көрсеттік. Істегендері мынау, көңілім қалды, – деді Даниал Ахметов. – Жаздың құрылыс жұмыстарына қолайлы уақытын жоғалтып алдық. Бес қабатты тұрғын үй көтеріліп қала ма деп үміттенген едім…

Азамат ТЕМІРБЕКОВ