Аягөз қаласында 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында бой көтерген несиелік бағыттағы тұрғын үйлердің кілттері салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен қолға алынған «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында Аягөз қаласында 68 екі пәтерлі және несиелік бағыттағы бір пәтерлі 50 тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға беріліп, жалпы 186 отбасы баспанамен қамтылады деп жоспарлануда.
Аудан әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес несиелік бағыттағы бір пәтерлі 50 тұрғын үй «Отбасы» банкі арқылы сатылуда. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 150 мың теңгені құрайды.
- Аягөз ауданында тұрғын үй берудің көлемі жылдың соңына дейін 73 736 шаршы метр болады деп күтілуде, 2020 жылмен салыстырсақ 290,5% өсім күтілуде. Аталған аумаққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда 1000 мектеп салу міндетін іске асыру мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен 600 орындық жаңа мектеп және балабақша салу құрылысы жоспарлануда, - делінген мәліметте.
Айта кетсек, 2020 жылы Аягөз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй және «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында екі пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 140 отбасы баспаналы болды.