Аягөзде қала мектептеріндегі жас сарбаздар сыныбы арасында әскери-спорт түрлерінен сайыстар өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған әскери сайыс кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толуына арналып отыр. Тартысты додаға ауған соғысының ардагері, запастағы майор Рымбек Бейсеков төрешілік етті.
– Жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге арналған шараны аудандық білім және қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер ұйымдастырып отыр, - дейді шараға жауаптылар.
Жарыс қорытындысы сәйкес №6 орта мектептің «Жебе» командасы топ жарып I орыннан көрінсе, № 6 орта мектептің «Барыс» командасы ІІ орынға табан тіреді. ІІІ орынды №4 орта мектептің командасы қанағат тұтты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен марапатталды.
– Балалардың бүгінгі сайысына кәдімгідей қуанып отырмын. Оларға төрешілік ету де мен үшін біраз қиынға түсті. Себебі, кілең жанып тұрған жігерлі жастардың әскери нормативтерді кәсіби тұрғыда жылдам орындауы бірінен бірі асып түседі. Бұл ең алдымен мұғалімдерінің еңбегі мен олардың жұмыстарының нәтижесі деп білемін. Осындай балаларымызды көріп, болашақ сенімді Отан қорғаушылары өсіп келе жатқанына еріксіз қуандым, – дейді Рымбек Бейсеков.