Аягөзде жас сарбаздармен психологиялық тренинг өтті

1394
көрілім

Аягөз гарнизонындағы танк әскери бөлімінің офицер-психологтары мерзімді әскери қызметшілермен психологиялық тренингтер өткізді.

Аталған шараның мақсаты сарбаздардың әскери қызметке деген дұрыс көзқарасын дамытуға, моральдық-психологиялық жағдайы мен әскери тәртібінің деңгейін арттыруға және әскери қызметке бейімделуін жақсарту болып саналады. Сонымен қатар психологиялық тренингтер ұжымдық жұмыс кезінде адамның өзіне деген сенімділігін нығайтуға, тиімді қарым-қатынас орнатуға, өзін-өзі бақылау дағдыларын арттыруға және қалыпты емес жағдайларда топ шешімдерін тез қабылдауға мүмкіндік береді.

Тренинг барысында сарбаздармен белсенді жұмыстар жүргізіліп, қызықты ойындар ұйымдастырылды. Әсіресе жағымсыз энергиядан арылуға, сергек және ұжымдық қолдауды сезінуге арналған психологиялық жаттығулар сарбаздарға ерекше әсер қалдырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, әскери бөлімдегі психолог мамандар жас сарбаздардың күнделікті хал-жағдайын, тұрмыс-тіршілігі мен туындаған мәселелерін анықтап, бөлім командиріне баяндап отырады. Ата-аналарымен де ұялы телефон арқылы хабарласып, сарбаз жайлы қажетті мағлұматтар алады. Ондағы міндет – Отан алдындағы борышын өтеуге талпынған жас жігіттердің әскери ортаға бейімделуіне барынша көмектесіп, дұрыс бағыт-бағдар беру, әрі патриоттық рухта тәрбиелеу.

– Бүгінгі тренинг жеке тұлғаны дамытуға, оның психикалық денсаулығын нығайтуға, өзін-өзі жоғары бағалауына және жеке пікірін жасқанбай жеткізе білуіне жол ашады. Сондай-ақ осындай тренингтерден кейін мерзімді әскери қызметшілердің эмоционалды және моральдық-психологиялық ахуалында оң динамика байқалады, бұл олардың әскери қызметке тез бейімделуіне ықпал етеді, – деп түсіндірді танк әскери бөлімнің психологы майор Данияр Сейдәлиев.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі