Аягөздегі дауыл: Бұзылған ғимараттар бір аптаның ішінде қалпына келтірілмек

1323
көрілім
Шартты фотосурет

Аягөз қаласында қатты желдің салдарынан 19 көпқабатты және 72 жер үй, сондай-ақ 8 әкімшілік ғимарат зақымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгінде Аягөз ауданында төтенше жағдай жарияланды. ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов бастаған арнайы комиссия сол жерге аттанған. Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Instagram-дағы жеке парақшасында жазды.

– Кеше кешке Аягөз ауданында жылдамдығы секундына 28 метрге жеткен екпінді жел соқты. Ағаштардың құлауы салдарынан электр желілері үзілді. Нәтижесінде 3679 абонент электр жарығынсыз қалған. Қазіргі уақытта кезең-кезеңімен жарық қосылуда. ШҚ АЭК-ның 5 жедел бригадасы жақын арада қалған 700 абонент бойынша жұмысты аяқтауы тиіс, - деді әкім.

Оның айтуынша, оқиға орнында барлық коммуналдық және апаттық қызметтер жұмыс істеуде. Бұзылған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары бір апта ішінде аяқталуы тиіс. Бұл орайда қажетті қаражат бөлінеді.

– Дауылдың салдарынан қалалық ауруханаға түрлі дәрежедегі жарақаттармен 7 адам жүгінген. Қазір жағдайлары тұрақты, стационарда бір науқас жатыр, - дейді Даниал Ахметов.