Аягөз қаласында орналасқан Балалар арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығына осыған дейін сан мәрте тексеріс жүргізілді. Қазір ондағы олқылықтардың орны толықтырылған. Бұл мақсатта 139,5 млн теңге жұмсалыпты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 51 камера қойылып, ойын алаңы да абаттандырылған. Жуықта арнайы құрылған қоғамдық комиссия мүшелері орталыққа барып, бүгінгі ахуалды бақылап қайтты.
Былтырдан бері Аягөз қаласындағы Балалар арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығына түрлі органдардан 15 рет тексеру жасалып, біршама олқылықтар анықталған. Қазіргі уақытта сол кемшіліктер түзелді ме? Міне, дәл осы сұраққа жауап іздеу үшін өңірде қоғамдық комиссия құрылған. Оның құрамына көпбалалы аналар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері кірді. «Менің өлкем» газетінің бас редакторы да комиссия мүшесі ретінде Аягөз қаласына барып, орталықтағы жағдайдың мән-жайын анықтап қайтқан еді.
Қосымша корпус салынбақ
Бүгінгі таңда орталықта 96 тәрбиеленуші бар, олардың 60-тан астамы жетім балалар. Әр балаға жасалған медициналық картаға логопед пен салалық мамандардың емдеу нәтижелері ұдайы енгізіледі. Сонымен қатар диетологтың кеңесімен тәрбиеленушілерге қажетті калория мөлшерін ескере отырып жеке-жеке мәзір құрастырылған.
- Биыл мекемеге 139,5 млн теңге бөлінді. Соның аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 балалар алаңы абаттандырылды. Жаңа жабдықтар мен жиһаз алынып, «бұлтты» бейнебақылау жүйесі енгізілді. 51 камераның 44-і іште, 7-і сыртта, - деді Балалар арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Шолпан Макашева.
«Бұлтты» бейнебақылау жүйесі бейнежазабаларды қазіргі уақытта көруге және оларды жою немесе өзгерту мүмкіндігінсіз 90 күнге дейін серверде сақтауға мүмкіндік береді. Барлық келіп түскен ақпарат бұлтта сақталады. Бұл ақпараттық қауіпсіздік талаптарының бұзылуына және деректердің таралып кетуіне жол бермейді.
Орталық ғимаратына қосымша корпус та салынбақ. Осы мақсатта 160,5 млн теңге жұмсалады. Оның бірінші ғимаратында медбике бөлмесі, ем-шара бөлмесі, лифт шахтасы және балаларға арналған 3 палата орналасады. Ал екінші қабатта ойын бөлмесі, ас үй және тағы 2 палата болмақ.
Осы ретте, тексерістер нәтижесінде анықталған бірқатар заңбұзушылықтарға тоқтала кетсек. Эпилепсиямен ауыратын 6 балаға заңсыз екпе жасалыпты. Сол үшін терапевт дәрігер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады. Бұдан бөлек, психотропты заттарды пайдалану ережесін бұзған аға медбикенің ісі Аягөз аудандық сотында қаралды. Сот үкімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 303-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылған айыпталушы қызметінен босатылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілері де тіркелген болатын. Қазір бұл кемшіліктер толықтай түзетілді.
Коронавирус жұқтырғандар жоқ
- Бүгінде орталықтағы балалардың денсаулық жағдайлары тұрақты. Ешкім коронавирус жұқтырған жоқ. Қызметкерлер арасында да қауіпті дертке шалдыққандар тіркелмеген. Бұл қатаң карантиндік шаралардың нәтижесі. ПТР тапсырған әр қызметкер осында 15 күн бойы сыртқа шықпай жұмыс істейді. Сосын оларды келесі ауысымдағылар алмастырады, - деді Шолпан Макашева.
Тәрбиеленушілер күніне 5 уақыт тамақтанады. Азық-түлік өнімдерінің сапасына қатаң мән беріледі. Бүгінде орталықта 160-қа жуық адам жұмыс істеуде. Тәрбиешілердің күн тәртібі мынадай:
7.00-7.30 – Балаларды ұйқыдан ояту, жуындырып-киіндіру.
7.30-8.30 – Таңғы ас.
8.30-9.00 – Ем-шара қабылдауға және сабаққа дайындау.
9.00-11.00 – Әр баламен жеке жұмыс (ЛФК, логопед, дефектолог).
11.00-11.30 – Таңертеңгілік дәрумендер беру.
12.30-13.00 – Түскі ас.
13.00-15.00 – Түскі демалыс (ұйықтату).
15.30-16.00 – Ұйқыдан ояту, тазалық процедурасын жүргізу.
16.00-16.30 – Түстен кейінгі жеңіл тамақтандыру.
16.30-17.30 – Тазалық процедурасын жүргізу.
19.00-19.30 – Кешкі ас.
19.30-21.00 – Тазалық процедурасын жүргізу.
21.00-21.30 –Кешкі асқа қосымша тамақтандыру.
21.30-22.00 – Ұйқыға дайындық (дәрі беру, жуындыру)
22.00-07.00 – Түнгі ұйқы.
Олар дүйсенбі сайын балалардың шаш-тырнағын алады. Ал сейсенбіде тәрбиелерушілерді жуындырып, төсек жабдықтарын ауыстырады.
- Ең бастысы, балалардың амандығы мен денсаулық жағдайының оңалуы. Байқағанымыздай, бүлдіршіндердің көңіл-күйлері жақсы. Салмақ қосып, дертінен сауығып жатқандар да бар екен. Бұл ең негізгі көрсеткіш. Жаңадан алынған жабдықтардың сапасы да жоғары, - деді қоғамдық кеңес мүшесі Ольга Кузовлева.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, Аягөздегі әлеуметтік орталықты Өскемен қаласына көшіру мәселені шешпейді. Себебі балалардың барлығы мұндағы тәрбиешілерді ата-анасындай қабылдайды. Сондай-ақ түрлі диагнозы бар тәрбиеленушілерге жаңа ортаға бейімделу қиынға түспек. Ал ғимараттың тарлығы тек мұнда ғана емес, еліміздегі түгел дерлік осындай мекемелерде сезілуде.
- Былтырдан бері орталыққа қатысты сыни пікірлер көбейіп кетті. Оның ішінде орындысы да, орынсызы да болды. Біз әркез ашықпыз. Кез келген сұраққа жауап беруге дайынбыз. Бірақ тырнақ астынан кір іздеген дұрыс емес. Сын объективті болуы керек. Қазір өздеріңіз көргендей анықталған кемшіліктер түзелді. Әлі де атқарар жұмыстарымыз аз емес, - деді ол.
Тергеу нәтижесі қандай?
Облыстық Полиция департаментінің Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Прокуратураның басшылық етуімен Балалар арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында тәрбиеленушілер өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген еді. Тергеу барысында эксгумация жасалып, екі комиссиялық сот-медицина сараптамасы жүргізілді. Комиссия құрамына балалар инфекционисі, кардиолог, анестезиолог-реаниматолог, нейрохирург, педиатр, Нұр-Сұлтан қаласынан гистолог-сарапшылар және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары қатысқан.
«Сараптама қорытындысына сәйкес балалардың өлімі өкпе фиброзы, екіжақты іріңді бронх пневмониясы сияқты жанама аурулардың салдарынан болған. Сондай-ақ мәйіттерді тексеру барысында үш балада дене жарақаты анықталды. Алайда бұл жарақаттардың тәрбиеленушілер өліміне қатысы жоқ. Осыған байланысты ауыр дене жарақатын алу фактісі бойынша қылмыстық іс бөлек өндіріске шығарылып, ары қарай тергеу амалдары жүргізілмек», – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов.
Оның айтуынша, әлеуметтік көмек көрсету орталығында тәрбиеленушілерге тиісті медициналық көмек көрсетілмеу фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданған.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ