Аягөз гарнизоны танк әскери бөлімінде 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған әскери қызметшілердің балалары арасында қашықтан сурет салу сайысы өтті.
«Менің Тұңғыш Президентім» атты сурет салу сайысында әскери қызметшілердің балаларының салған туындылары бөлімдегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған тақтаға қойылып, ұйымдастырушылар тарапынан бағаланды.
Аталған сайыстың мақсаты жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру және балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, дарындыларды қолдау. Сондай-ақ жас буынның ел тарихын зерттеуге қызығушылығын арттыру.
– Бүгінгі сурет салу сайысы балалар үшін өте қызықты, жауапты байқаулардың бірі. Қатысушы балалар саны алдағы сайыстарға қарағанда анағұрлым артқаны бізді қуантады. Балаларға тек жеңіс тілейміз, – деді танк бригадасы әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Гүлмира Өтешева.
Сайыс қорытындысы бойынша өздерінің шығармашылық қабілетін көрсете білген оқушылар арасында Мұхаммед Бағдатов бас жүлдеге лайық деп танылды. Бірінші орынды Алинұр Рашитов иеленді. Жүлделі екінші орын Әмір Медетұлына бұйырса, үшінші орынға Ақниет Абаева ие болды.
Сонымен қатар барлық қатысушы балалар көркем шығармашылықты дамыту мен насихаттауға қосқан үлестері үшін бөлім басшылығы тарапынан алғыс хаттар марапатталды.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі