Аягөздегі әскери бөлімдер жас сарбаздармен толықты

476
көрілім

Аягөз гарнизонының әскери бөлімдері Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарынан келген 400-ге жуық сарбазбен толықты.

Көктемде әскер қатарына шақырылған сарбаздар жоспарға сәйкес бір айлық жас жауынгер курсынан өтіп, саптық дайындықты, жауынгерлік қарудан оқ ату дағдыларын, сонымен қоса жауынгерлік қару-жарақтарды қолдану тәсілдерін меңгеретін болады. Оларға тәжірибелі офицерлер мен сержанттар әскери қызметке бейімделуге көмектесіп, әскери істің негіздерін үйретпек.

 – Бір ай ішінде болашақ Отан қорғаушылар жалпы әскери жарғы, мемлекеттік-құқықтық дайындық және жауынгерлік дайындық сабағы бойынша білім алатын болады. Қазіргі уақытта жас сарбаздар жауынгерлік дайындық жоспары бойынша саптық, тактикалық, атыс, денешынықтыру, медициналық дайындық сабақтарын оқуда, –  деді танкистер құрамасы командирінің орынбасары майор Бақытжан Сералиев.

Біз қазіргі уақытта әскери өмірмен жақынырақ танысып жатырмыз. Мұндағы күн тәртібіне де үйренісіп қалдық. Санаулы күндерден кейін әскери ант беріп, борышымызды абыроймен өткереміз деген сенім мол, – деді жас толым Әлішер Нұртазанов.

Жас сарбаздардың салтанатты түрде әскери ант беру рәсімі 11 маусымға жоспарланған.
 
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі