Аягөздегі төрт баланың өлімі қызылшадан болмаған

1153
көрілім
Шартты фотосурет

Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығында 4 тәрбиеленушінің көз жұмуына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Онлай-брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссия мүшелері істің барлық материалдарымен танысу үшін балалар орталығына барғанын айтты.

– Комиссия мүшелері медициналық құжаттаманы және бейнебақылау камераларына түсірілген жазбаларды түгел қарап шықты. Анықталғандай, балалар бір уақытта қайтыс болмаған. Өлімге әртүрлі туа біткен аурулардың бір ай ішінде асқынып кетуі себеп болып отыр, - дейді Әлішер Мархабат.

Оның айтуынша, 2008 жылғы бірінші бала 2 сәуірде көз жұмған. 12 сәуірде 12 жастағы тәрбиеленуші қаза болды. 2006 жылы туған үшінші бала 20 сәуірде, 2012 жылғы қыз айдың соңында жан тапсырған.

– Дәрігерлердің тұжырымына сәйкес, балалар өлімінің қызылшаға еш қатысы жоқ. Бұны дәлелдейтін медициналық анықтамалар мен актілер бар. Комиссия жұмысының негізінде ішкі істер органдары оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ жұмыс барысында медициналық құжаттарды жүргізу кезіндегі заңбұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты ШҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қосымша тексеру жұмыстарын жүргізуде, - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Әлішер Мархабат заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тиісті органдардың тексеру нәтижелеріне байланысты жауапкершілікке тартылатындығын айтты. Сонымен қатар ол орталықтың директоры, оның орынбасары мен бөлім басшыларының жазаға тартылғанын мәлім етті.