Қазақстан-Словакия кездесуі барысында футзалдан биылғы Еуропа чемпионатында ең көп гол соққан жерлесіміз Біржан Оразовқа құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы минуттарда словак жігіттерінің қақтығысқа көп барғандары рас. Екі ойында фаворит саналды. Әйтсе де ел құрамасы бұл жолы да басымдық танытты. Қарбалас ойын кезінде аягөздік футзалшы марапат алып, жанкүйер алғысына бөленді.
– Ұлттар лигасы кездесуінің үзілісінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов футзалдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразовты ЕУРО-2022 чемпионатында «Үздік сұрмерген» номинациясында топ жарғаны үшін құттықтады, – деді федерацияның баспасөз қызметіндегілер.
Біржан Оразов Еуропа чемпионатында төрт ойында жеті гол соғып, қарсыластарынан қара үзді. Жерлесіміз бірінші тайм біткенде марапаттау рәсімін ұйымдастырып үлгерген жауапты тұлғаларға алғыс айтып, ел футзалы мен футболында жеңістер көп болсын деген тілегін білдірді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ