Аягөздік әскери қызметшілер блок-бекеттердегі тексерісті күшейткен

541
көрілім

Мемлекетімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты Аягөз қаласының аумағындағы кіреберістерге блок-бекеттер қойылып, әскери қызметшілер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қырағы тексеруде.

Аягөз гарнизоны баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басталысымен-ақ ел тыныштығын алған теріс пиғылды топтардың жүйелі іс-әрекеттері республикамыздың аумағына айтарлықтай қауіп төндірген. Алайда бүгінде бүлікшілердің қарқыны әскерилер мен құқық қорғау органдарының арнайы мақсаттағы топтарының бірлесіп жасаған жедел тоқтату операцияларының арқасында тиылуда.
Қазіргі таңда мемлекеттегі бүлікшілер мен тәртіп бұзушыларға тосқауыл қою жағдайын ескере отырып, Аягөз қаласында кешкі сағат 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізіліп, қалаға  кіріп-шығу жолдарының барлығына блок-бекеттерде бақылау-өткізу режимі ұйымдастырылған. Мемлекеттік және басқада жұмыс орындары мен сауда орталықтары штаттық режимде өз жұмыстарын жалғастыруда.
– Аягөз аймағына блок-бекеттер қойылғаннан бері жолаушылардың құжаттары мен көліктері толық тексеруден өтеді. Сондай-ақ әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар нысандар да күзетілуде. Бүгінгі күнге дейінгі тексерулер барысында бекеттерден заңсыз өту, тәртіп бұзу фактілері анықталған жоқ. Қалада қоғамдық ахуал тұрақты, – деді гарнизон бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев.
Блок-бекеттер республикалық маңызы бар және көршілес жатқан аудан орталықтары мен ауылдарға қатынайтын жолдар бағытында орналасқан. Сол себепті қалаға кірер және шығар кезде өзіңізбен бірге міндетті түрде құжаттар болуы қажет.