Аягөздік Мұқатай Әбеулов Мажарстан түбіндегі соғыста бір зеңбірекпен қалың қолға қарсы тұрған

31437
көрілім
Фотосурет semeylib.kz сайтынан

Алғашында атты әскер қатарын толықтырамын ба көңілі аласұрған. Жауынгер қатарына қабылданған сәттен бұйрыққа бағынып, ортақ жеңіс үшін от кешуге бар болды. Қантөгістің қалай басталғанын қайталап жазған артық болар, тек 41-дің маусымында қуатты деген неміс әскерінің үш тобы шығысқа қарай үдере тартты. Жөпелдемеде берілген бұйрықтан соң Кеңес Одағының батыры атанған жерлесіміз құрамына кірген казактар дивизиясы құрыла бастады. Аягөз ауданына қарасты Сарықамыс ауылында туған Мұқатай Әбеуловтың үшінші гвардиялық казактар дивизиясында жүріп айқасқан жылдары мұрағат деректерінде мүлде ұшыраспағынымен ашық деректерде аңыз болып жазылған. Сайт тілшісі барынша ресми мәліметтерге сүйенді.

Жауды жайратқан сәт

Солтүстікте фельдмаршал В.Ф. фон Лееб қалың қолын Прибалтикадан асырып, Ленинградқа қарай жылжыды. Оңтүстікте фельдмаршал Г. фон Рунштедт бар күшін Киевке қарай жұмылдырса, осы алпауыт майданның қақ ортасымен фельдмаршал Ф. фон Бок бастаған ең айбынды әскер тобы Минскке қарай бағыт алған-тұғын. Мұқатай Әбеулов жанқиярлықпен соғысқан гвардиялық казактар дивизиясы алғашқы сәттерден-ақ шайқас шептерінің ең өткір тұстарында жүрді. Аягөздің тумасы қызыл әскер сапына өткенде ұлтын «Қазақпын!» деп анық әрі сеніммен айтқан. Тек әскери-оқу лагеріндегі офицер «Казак болсаң казактармен бір шепте иық тірестіре айқасасың» деп жымия жеткізген көрінеді. Атты әскердің құрамына сол кубань, ставрополь және дон казактары енген. Әскер қатарына қабылданып, әрі қарай майдан шебіне аттанған жерлесіміз алғашында төртінші Гвардиялық төртінші Кубань казак кавалериялық корпусына енген үшінші Гвардиялық казактар дивизиясына өтті. Ставропольде құрылған, дені кубань казактары мен адыгейліктерден жасақталды. Алғашында офицер сарбаздардан «Атқа кім міне алады?» деп сұрағанда Мұқатай Әбеуұлы ойланбастан бір қадам алға жылжыған еді. Бала күнінен ат жалын тартып мінген ол қой бағып, түздің түрлі тосынсыйына әбден бой үйреткен-тін. Енді қылқұйрықтыға қайта қарғып мініп, жау екпінін тойтаруға асықты. Алайда олай болмады. Офицер-артиллерист оны танкіге қарсы батареяға әкетіп, алдымен снаряд тасыды. Кейін соны оқтап, атыс мәнерін де үйренді. Ресейлік тарихи деректерде аягөздік жауынгердің оқ нысанашысы ажал құшқанда қаруды қолға алып, жау пулеметі шоғырланған жерді жойғаны жазылған. Ұрыс даласында үш мәрте жарақаттанды, тек жағдайы оңала бастағанын сезгенде ұрыстың қақ ортасына кірумен болды. Тарих ғылымдарының кандидаты Эдуард Бурдтың жазбасында қантөгіс кезінде ең көп шығынға кавалерия бөлігі ұшырағандығын көрсетеді. Олар шапшаң, әр жерден қиқу салып келіп ұрыс салғанда жау жасағы негізгі қауіптің бірі осылардан келетінін түйсінді. Тағдырдың таңдауы алдымен снаряд тасушы етіп таңдаған екен, Мұқатай Әбеулов әр тапсырмадан шашау шығармады. Немістер баса-көктеп кірген сәтте казактар дивизиясының негізгі бөлігі Ставропольде іргесін қалады. Мұрағаттардағы аз-маз деректерде де, тарихи мәліметтерде де 1941 жылы Сталинград облысы, Краснодар аймағы және Ставропольде тұрғындар жасағы құрылды деп жазылған. Кейін Жоғары Бас қолбасшылық ордасы үш полк құрамында атты әскер дивизиясын құру туралы шешім шығарады. Ал Солтүстік Кавказ әскери округінде 15 атты әскер дивизиясы ұрысқа аттанды. Мұқатай Әбеуловтың ең алғаш осы аумақта соғысқанын ескерсек, әрі қарай полковник Исса Плиевтің жасағына өтіп, көзсіз ерлікке барғандығы көптеген жазбаларда жарық көрді.

«Тұлғалы да айбарлы»

Кавалериялық полктердің екпіні қатты болды. Семсер мен мылтықты қатар қолданған жауынгерлер ерлігі жоғары бағаланып, кейін оларға гвардиялық дивизия деген атақ берілді. Казактар қарқын ала бастаған атты әскерге дем бере, нысанашылар да өз міндеттерін мүлтіксіз атқарды. Аягөздік жауынгер жайлы полковник Духовный естелігінде жерлесімізді сипаттай жазады.

– Семейлік Мұқатайдың келбеті, мінезі командиріне қарағанда өзгеше еді. Бойшаң, денелі, қойкөзді, жанары жалын атқан тұлғалы да айбарлы жігіт болатын, – деді ол. – Сондықтан да жауынгер достары оны «Дала бүркіті» деп атаған. Мұқатай көп сөзді сүймейтін. Сонысына қарамастан көпшіл һәм көңілді жігіт. Батареяның басқа да жауынгерлері шеттерінен табанды болатын.

«Дала бүркітінің» жау танкісіне деген сезімталдығы әр ұрыс кезінде жаңа бір деңгейге жете бастағандай. Солтүстік Кавказ жерінде басқыншыларға тойтарыс берген соң Армавир, Ростов, Таганрог түбінде ерекше көзге түсті. Немересі Балқия Қалижанқызының сөзінше, көп жерде жарық көрген ақпараттар шындыққа саяды. Әсіресе сол Кавказ жерінен бастап, кейін Мажарстан аумағындағы айқаста аталары әркез жауынгер достарымен бірге болды.

– Атамыздың Тілеужан есімді қызы болды. Одан бес немере тарадық. Екеуі Бородулиха ауданында, үшеуі Семейде тұрып жатыр. Ол жайлы естеліктердің көбінде жайдары жан екендігі айтылады. Анамыз 2001 жылы өмірден озды. Анығы сол, Мұқатай атамыз әскер қатарына қабылданған соң бірден ұрысқа аттанды, – деді батырдың ұрпағы.

Ғұмырында жайдары жан болып, жауға келгенде қанын ішіне тартқан қаһарлы сарбаз Исса Плиевтің жасағында жүріп талай танкіні істен шығарды. Мергендігі мен қырағылығы сын сағатта серіктерін қапыда қалдырған емес.

Төрт танкі өртенді

Осы жерде нақтылай кетейік, Мұқатай Әбеулов Мажарстандағы майдан шебінде 152-ші танкіге қарсы атқыштар артиллериясының құрамында дәлдеуші болды. Оған дейін 3-ші казактар дивизиясында басқыншыларға қарсы барын сала соғысты. Тарихи деректердің бірінде, дәл осы жасақ 1942 жылдың қаңтарында барлық дерлік әскерінен айырылғандығы жазылған.

Алайда «Дала бүркіті» атылған оқ мен жарылған бомбаны ұйымдастырушыларды дүркін-дүркін дәлдеп бақты. Балқия Қалижанқызы ұсынған ақпаратта атасының көп жағдайда күш тең емес кезде де жеңістің кілтін таба білгендігі жазылған. Айталық, «Қазақстандық Кеңес Одағының батырлары» кітабында Венгрияның өндіріс орталығы Дебрецендегі қақтығыс кеңінен суреттеледі. Қарсы жақтан жер ананы айғыздап, шабуылға шыққан неміс қарулы күші 30 танкіге жетті. Мұқатай Әбеуұлына берілген тапсырма шынжыр табандының жолын кесу. Аралық көз көрім жер. Нысананы бекітіп, сілтідей тынған жерлесіміз орайлы сәтті күтіп тұр. Кенет жер жаңғырта атылған оқтан алдыңғы лекте ілбіп келе жатқан танкінің шынжыры үзілді! Өрт құшағында қалған неміс әскері соғыс техникасынан ытқып-ытқып шығып, одан бөлек тағы төртеуін жалын шарпыды. Дәл осы кезде кеңес әскерлерінің көз алдында отқа оранған төрт бронетранспортер, одан бөлек, Гитлердің 50 жауынгерінің мәйіті жатты. Бұл 1944 жылдың күзі болатын. Нысанашының шеберлігі мен артиллеристердің ерлігі тұтас корпусты қамтыды. Бір ғана зеңбіректің осындай үрейлі соққы бергені казактар мен қатар алдыңғы шепте жүрген қазақтарды одан әрмен рухтандырып жіберді. Кешкісін әскер генералы Исса Плиев келіп, жауынгер зеңбірекшілерді тамаша жеңістерімен құттықтап, көп бөгелместен қош айтысып қайтып кетті. «Дала бүркіті» ғана емес, достары «Аңыз» деп те айтып жүрген. Әсіресе Ставрополь өлкесінде айқасқан офицерлер Мұқатай Әбеуловтың ең жоғары марапатқа лайық екендігін бірінен соң бірі ұсынған. Ал Дебрецен түбіндегі жарқын жеңістен соң Исса Плиев барлық сарбазды мемлекеттік награда, ал аягөздік жауынгерге «Кеңес Одағының батыры» атағын ұсынуды тапсырды. Әлі шешім шықпай тұрғанда жерлесіміз Мажарстан жеріндегі ұрыстың бел ортасында жүрді.

Мажарстан ауылдарын азат ету

Бихор-Урваи ауылын жаудан тазарту кезінде немістің ұсақ калибрлі зениттік пушкасы мен кеңес әскерінің зеңбірекшілері бетпе-бет тұрып атысты. 200 метрге дейін жақындасып, сол зеңбіректі авто мәшинесімен қоса талқандап, 30-дан астам неміс әскерін жер жастандырды.

– Арада үш күн өткен соң Эпископиа Бихор елдімекенінде, одан соң Тепеде болған қантөгіс кезінде зеңбірекшілер қалың қолға жол ашып берген. Нақты айтсақ, 44 жылдың 8-26 қазан айы аралығында үш ірі калибрлі зеңбірек қондырғысын, екі 108 миллиметрлік батарея, екі танк, екі миномет батареясын, үш дот, сондай-ақ алты автомәшиненің көзін жойды, – деп жазады кітапта.

Осы ерліктері үшін 1-ші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды. Алайда аягөздік батыр сол марапатын ала алмады. 1944 жылдың 8 желтоқсанында Мохора ауылында жау қолынан қаза тапты. «Кеңес Одағының батыры» атағы гвардия қазағына 1945 жылдың 28 сәуірі күні берілді. Одан бөлек, Ленин, І Дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.

Батырдың Бидайық ауылындағы кеудемүсіні

Батырдың ұрпақтары жылда бас қосып, аталарын еске алуды дәстүрге айналдырған. Бір жылдары Аягөзге ат ізін салып, аудан басшылығының қолдауымен қатым түсірді. Бидайық ауылында Мұқатай Әбеулов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп бар. Білім ошағының директоры Ақмарал Темірғалинаның айтуынша, батырдың есімі 2005 жылы берілген. Одан бөлек, осы ауылда жауынгер жерлесіміздің мұражайы жұмыс істеп тұр. Өмір ағысы батыр мен оның жұбайы Қайша апамызды жөнді жүздестірмеген.

– Отбасының тұңғышы Айсұлу, одан кейін Нұрсұлу, ағамыз Досымжан, менен кейін сіңілім Зүлфия бар. Үлкен әпкем, Зүлфия үшеуіміз Семейдеміз, Досымжан мен Нұрсұлу Бородулиха ауданындағы Андроновка ауылында тұрады. Атамыздың мерекесі, яғни 9 мамыр қарсаңында ауылдағылар қалаға келіп, жиналуды әдетке айналдырдық. Жеңіске 60 жыл толғанда Аягөзде ас беріліп, бәйге өткізілді, – деді Балқия Аманова.

***

2017 жылы Бидайық ауылында Батырдың 100 жылдығы атап өтіліпті. Аудан әкімдігінің мәліметінше, Мохора аумағында жерленген.

Бидайықтағы мектептің алдында кеудеден жоғары портреттік бейнесі кескінделген мүсіні орнатылған. Ені 110 см; ұзындығы 140 см деді әкімдіктер.

Аудан басшылығы, Мұқатай Әбеулов Аягөз өңірінен шыққан жалғыз Кеңес Одағының батыры деген мәлімет ұсынды. Әрине, облыс аумағынан аттанған сарбаздың әрбірінің жеңісті жақындатуға қосқан үлесі өлшеусіз. Ерліктік үлкен-кішісі жоқ. Десек те Сарықамыс топырағында туып, нысанашы міндетін мінсіз атқарған жауынгердің жүріп өткен жолы бір төбе. Атты әскер құрамына кіремін деп ұмтылған, алайда жаудың зәресін алған зеңбірекші болды. Есімі тарих беттерінде сақтаулы тұр.

PS: Облыс басшылығының назарына: Мұқатай Әбеуловтың құрметіне Өскеменнен бір көшенің атауын берсе де әбестік болмас. Аягөздік жауынгердің ерлігі жетеріне жетіп насихатталмай жатқандай.

Әділхан ЕСІМХАНОВ