Аягөз футболшылары «Қайрат» пен «Жетісу» командаларының сапына қабылданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Еліміздің атын шығарып, көк байрағымыздың биікке көтерілуіне әлемдік деңгейдегі жарыстарда спортшыларымыздың жетістіктері бірден-бір себепкер.
- Байрақты бәсекелерде барын салып, ел мерейін көтеріп жүрген саңлақтарымыз аз емес. Аягөз спорт мектебі түлектерінің Азия және Әлем чемпионаттарында жүлдегер атанып, Олимпиада ойындарында өнер көрсеткенін жанкүйер қауым жақсы біледі. Олардың қатарында футболшылардың нәтижесі бар. Спорт мектебінде волейбол, футбол, грек- рим, қазақ күресі, бокс бөлімдері жұмыс істейді. Футболға арналған орталық стадион, жасанды жабдықталған жасыл алаңдар бар. Төлеуғали Тайтөлеев басқарып отырған Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде білім алып, студенттер құрама командасының сапында жақсы өйын өрнегін көрсетіп жүрген Аягөз спорт мектебінің түлектері Ералы Абылай, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Нұрсұлтан Жұмаханов пен Жомарт Тоқаев сынды ойншыларды айта кетпеске болмас, - делінген аудан әкімдігі ұсынған мәліметте.