Аягөздік «Жас сарбаздардықтар» жеңіске жетті

387
көрілім

Аягөздің жас сарбаздықтары онлайн форматтағы «Айбын-2021» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып, жүлделі орынға ие болды.
Аталған облыстық жиын Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі және Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен ШҚО білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Осы байқауға Аягөз қаласының «Қалалық қазақ мектеп лицейінің»   «Жас артиллеристер»  командасы қатысты.

Жиын бағдарламасы келесі сайыстардан өткен болатын. Атап өтсек, «Туған жерім менің - Қазақстаным!» челлендждер байқауы, белтемірге тартылу және ішті қатайту жаттығуларын орындау. Сондай-ақ  АК-74 автоматын бөлекшеу мен жинақтау, газтұтқышты және жадағай түріндегі жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию сынды кезеңдерден өтті.
Сайыс барысында құрамында әскери істі жақсы меңгере білген мектеп-лицейдің «Жас артиллеристер» команда мүшелері жеңіске деген бар күш-жігерлерін сарп етіп, белтемірге тартылу мен челлендж байқаулары кезеңдерінде алдарына жан салмай І орындарды иеленді. Ал жалпы командалық есептік көрсеткіш бойынша Аягөздік жас сарбаздар  ІІ орынға қол жеткізді.
Айта кетейік, байқаудың негізгі мақсаты – «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы аясында  елдегі жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында Отанын қорғауға деген отансүйгіштік сезімдер мен ер-азаматтық қасиеттерді қалыптастыру. Сонымен қатар  биылғы «Айбын-2021» жиыны Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылды.  Жиналған жастардың логикалық және физикалық машықтары бағаланбақ.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі