Қазақ күресінен мүмкін болатын жүлденің бәрін иеленген жерлесіміз 18 жыл үздіксіз белдесуден соң мемлекеттік қызметте жұмыс істейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шілде айының 3-і күні дәстүрге айналған «Қазақстан барысы» додасы өтеді. Біздегі бар мәліметке сәйкес осыған дейін ұйымдастырылған турнирде оза шапқан Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты бәсекеге қатыспайды. Жалпы, осы жексенбіде жарыс жолына шығатындардан шығысқазақстандық Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаев, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғали сынды тәжірибелі балуандар бар. Ал спорттан кететіні жайлы Айбек Нұғымаров «1001» түн бағдарламасының тікелей эфирінде мәлімдеді.
- Барлық жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. 18 жыл бозкілемде жүріп, биыл қазақ күресінен кететінімді хабарлағым келеді. Мемлекеттік қызметте жүргеніме төрт жыл болды. Қазір білім саласындамын. Дайындап жүрген шәкірттеріңіз бар ма деген сауалды жиі қойып жатады. Осыған дейін бірге дайындалған Мұхит Тұрсыновты атап өткім келеді. Жалпы, Шығыс Қазақстан өңірі байтақ алапты алып жатыр. Әлі де белді балуандар түлеп шығады деген сенім мол, - деді спортшы.