Айбек Нұғымаров: ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында қазақ күресінен халықаралық жарыс өткізу керек

478
көрілім
Фотосурет ҚР қазақ күресі федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қазақтың апайтөс палуаны Айбек Нұғымаров облыс әкімдігінде өткен жиында хакім Абайдың мерейтойын тойлауға қатысты ұсынысын білдірді. Маңыздысы сол, спортшының биыл қазақ күресінен халықаралық деңгейдегі сайыс өткізу туралы ойына аймақ басшысы қолдау білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Айбек Серікболұлы соңғы уақыттары қазақ күресінен ірі додаларда ел намысын қорғап қана жүрген жоқ, төл спортымыздың өрлеуі үшін ұдайы бір жобаларды қолға алып, жастар арасында ұлттық спортымызды насихаттауды басты назарға қойған. Тіпті өткен жылы өзі директор болып тағайындалған көлік колледжінде де студенттер арасында қазақ күресінен кезең-кезеңімен жарыстар өткізуді жоспарлап жүргенін жеткізген болатын бір сұхбатында. Мәлім болғандай, Қарауылда қазақ күресінен халықаралық турнирдің өткізілмек.

– Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында қазақ күресінен халықаралық жарыс өткізу керек. Көрші мемлекеттерден халықаралық сайыстарда бақ сынап жүрген тәжірибелі палуандар келіп жарыс көркін қыздыруға әзір екендіктерін жеткізді. Турнир ауқымы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия және Ресей елдерінің спортшыларын қамтымақ, – дейді қазақ күресінен төрт дүркін Әлем чемпионы.

Өз кезегінде палуанның ұсынысына аймақ басшысы Даниал Ахметов қолдау білдіріп, ұлы ақынның мерейтойы аясындағы шаралардың әдеттегіден жоғары деңгейде өтуі тиіс екенін мәлімдеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ