ШҚО Кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы бизнесті бастаудың жаңа қадамдары, қайтарымсыз грантқа қалай қол жеткізуге болатындығын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өңір көлемінде Өскемен, Семей қалаларында бар. Кәсіпкерлер палатасындағы барлық қызмет тегін түрде көрсетіледі. Көп адам заңгерлік тұрғыда, мемлекеттік сатып алу бойынша кедергілерге ұшырап жатады. Палатада осы жағынан да тиісті кеңес берілетін көрінеді.
– Есепшілік, кәсіпкерлікті сүйемелдеу жөнінде сұрақтарды қоя аласыздар. Көп адам жалпылай сұрақтармен бөліседі. Біздің мамандар барлығына тұщымды жауап беруге тырыспақ. Енді гранттар бойынша тоқтала кетсем. Екі түрі бар: 2021-25 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының алғашқы бағдарламасына сәйкес, бұл 5 миллион теңгеге дейін берілетін грант. Жаңа бизнес идеяларды ашуға арналған. Грант деген сөздің өзі мемлекет тарапынан жасалатын көмек, әрі қайтарымсыз деп біліңіздер. Яғни, 5 миллион теңгеге дейін грант иелену конкурсына қатысқыңыз келсе, сіз жеке кәсіпкерлік (ары қарай ЖК), ЖШС немесе шаруа қожалық ретінде бизнес субъектісі болуыңыз керек. Бүгінде жаңадан бастаған кәсіпкер деп жеке кәсіпкерлігі үш жыл ішінде ашылған адамды айтады. Егер ЖК-нің ашылғанына үш жылдан асса, онда жұмыс істеп тұрған кәсіпкер болып саналады. 5 миллион теңгенің грантына қатысу үшін алдымен бизнес-идея керек, сосын оны қорғау межесі бар. Жалпы, бұл конкурс жыл сайын өткізіледі. Екі транш бойынша: көктем мен күз. Көктемгісі өтіп кетті, енді күз айындағысы ұйымдастырылады. Қатысуға ниетті кез келген жан Әуезов даңғылы, 26/1 мекенжайы бойынша, 1 кабинетке келіп, жүгіне алады.
Сонымен қатар ұлттық жобада 400 АЕК-ке дейін берілетін гранты бар. Бұл екі санат бойынша өткізіледі: 18-29 жас аралығындағы жастар мен әлеуметтің осал топтары үшін. 29 жасқа толып қойғандар сәйкесінше, қатыса алмайды. 400 АЕК-ке дейін берілетін гран кішігірім бизнес-идеяларға арналған. Бастапқысы, 1225200 теңге. Аз сома болса да, жас кәсіпкер үшін едәуір көмек деп санаймын. Бірақ, бұған студенттер қатыса алмайды. Ал 18-29 жас аралығындағы жастардың үш санат бойынша бақ сынап көруге мүмкіндігі бар. Олар: жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз болып тіркелулері керек, үш жылға дейін мерзім ішіндегі кәсіпкер болуы қажет немесе бірыңғай жиынтық төлем жасаушы болуы тиіс. Егер осы санаттарға кіріп тұрса, онда міндетті «Бастау-бизнес» бойынша оқуы керек, – деді Айгүл Марксқызы.