Аймақ басшысының облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жұмысына көңілі толмай отыр. Бұл туралы Даниал Ахметов облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген аппараттық жиында мәлім етті деп хабарлайды buqara.kz тілшісі.
Атап айтсақ, осы жылдың тамыз айында аймақ басшысы радиологиялық орталық бойынша техникалық аудит өткізуді тапсырған екен. Тапсырма осы күнге дейін орындалмаған. Орындалмағаны былай тұрсын, аудит өткізетін компаниямен келіссөз жүргізудің өзі әлі жоспарлау кезеңінде тұрған көрінеді.
— Тамыз айында жеке тапсырма бердім. Ал сіздер желтоқсанның соңында аудит өткізетін компаниямен келіссөз жүргізуді әл жоспарлап отырсыздар. Радиологиялық орталықты іске қосу — бұл біздің халық алдындағы парызымыз. Миллиардтарға алынған құрал-жабдықтар бос тұр! — деп кейіді Даниал Кенжетайұлы.
Аталмыш орталық онкологиялық ауруларды диганостикалау мен емдеуге бағытталған бірегей медициналық мекеме болып табылады. Оның құрылысы 2013 жылы аяқталуға тиіс еді. Алайда нысанды пайдалануға беру мерзімі әлі ұзартылып келеді.
Ағымдағы жылы ЖМК ықшам ауданындағы емхананы қайта құруға бөлінген қаражат толық игерілмеген болып шықты. Сондай-ақ, Семей қаласындағы әуежайды қайта құру жобасын әзірлеу бойынша жұмыстарға да аймақ басшысының көңілі толмай отыр. Бұл жобаға қатысты тапсырма қыркүйек айында берілген болса да, орындауға ешбір мекеме асықпайтын секілді.
Даниал Кенжетайұлының айтуынша, аймағымызда жылу және электрмен қамтамасыз етілген бірқатар аумақтар бар, бірақ ол жерлерде тұрғын үй құрылысы жүрмей жатыр. Мәселен, Өскемен қаласындағы 20-шы ықшам аудан осындай аумақтардың бірі болып табылады.
Аймақ басшысы аудан және қала әкімдеріне құрылыс салуға ниетті ЖСҚ-сы бар адамдардың тізімін жасауға тапсырма берді.