Соңғы уақытта WhatsApp мессенджері арқылы баласы сабақтан қалған ата-аналарға айыппұл салынатындығы жайлы ақпарат тарап кеткен болатын. Алайда шенеуніктердің сөзіне сенсек, бұл дегішпе әңгіме болып шықты.
WhatsApp мессенджері кеңінен тараған хабарламада «Білім министрлігінің бұйрығына сәйкес сабақтан себепсіз қалған оқушылардың ата-аналары мемлекет қазынасына 15883 теңге айыппұл төлейді» деп жазылған. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды екен.
– ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабына сәйкес бала себепсіз он күннен астам уақыт бойы мектепке келмесе, алдымен ата-анасымен жұмыс жасалады. Тағы да қайталанса, мектептің ұсынысымен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комисссияда қаралады да, әрі қарай полиция департаментімен бірлескен шаралар жүргізіледі. Сабақтан қалған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынады деген мәлімет жалған. Бұған министрліктің қатысы жоқ, – дейді БҚО Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.
Асқар ТҰМАРБЕК