Семейлік еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков желтоқсан айында елордада өтетін ел чемпионаты алдындағы әзірлігімен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олимпиада ойындарына іріктеу ретінде өткен Азия чемпионаты мен Белградтағы квалификациялық турнирден соң Дәулетбеков Норвегияда өткен Әлем чемпионатында бақс сынаған болатын. Естеріңізде болса, жаһандық додаларда жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп жүрген жерлесіміз Осло бозкілемінде де тұғыр сатысынан көріне алмаған еді. Қола медаль үшін болған белдесуде ресейлік Артур Найфоновқа есе жіберген-ді. Дегенмен соның барлығын өткен күннің еншісіне жіберіп, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ел чемпионатына әзірлік жүргізуде.
– «Батыр» күрес залындағы жаттығуымыз ойдағыдай өтуде. Аслан Байғұлов бастаған бапкерлеріміз сапалы дайындық жүргізуімізге бар көмектерін көрсетуде. Ел біріншілігі болғандықтан шабан әзірлікпен бармауымыз керек. Келер жылы Азия ойындары бар. Сондай бәсекелерге қатысу үшін елішілік чемпионаттарда үздік шығуымыз керек, – деді палуан.