Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен ел чемпионатында семейлік Азамат Дәулетбеков чемпион атанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олимпиада ойындарын Дәулетбеков бесінші орынмен аяқтады. Содан аз-кем тынығып, кезекті әзірлігін қайта жалғастырды. Былайша айтқанда бәрін басынан бастауы керек. Алдағы құрлықтық, әлемдік жарыстарда өнер көрсету үшін ел чемпионатында топ жаруың тиіс. Сөйтіп Нұр-Сұлтан қаласында өткен сайыста Дәулетбеков барлығы төрт белдесу өткізді. Алғашқы айналымда бос болған палуандар да бар, алайда жерлесіміз бірден іріктеу белдесулерінен бастады. Алдымен алматылық қарсыласын сенімді ұтып, әр кездесуінде қарқынына қарқын қосты. Кейін чемпионат туралы ой бөліскенінде жарыс бойы жарақаты болғандығын атап өтті. Бастысы, қазіргі уақытта 86 келіге дейінгі салмақтың үздігі семейлік Азамат Дәулетбеков екендігіне тағы бір мәрте куә болдық.
Үш белдесуде де сенімді өнер көрсеткен жерлесіміз шешуші сында ақтөбелік спортшының осал тұсын тапты.
Бұдан бөлек, риддерлік Олег Болтин 125 келіге дейінгі салмақта чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Бәлкім, алтын алар ма еді, жарақатына байланысты финалда белдеспеді.